Жаңалықтар

Қазір экономиканы COVID-19 дағдарысына дейінгі қалпына келтіру міндеті тұр – Әсел Әбенова

2021 жылғы 26 қаңтар 18:48
Қазір экономиканы COVID-19 дағдарысына дейінгі қалпына келтіру міндеті тұр – Әсел Әбенова

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазіргі уақытта ұлттық экономиканы COVID-19 дағдарысына дейінгі қалыпқа келтіру міндеті тұр. Бұл туралы ҚР Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институты Алматы қаласы өкілдігінің басшысы, экономика ғылымдарының PhD докторы Әсел Әбен айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Алдын ала мәліметтер бойынша, 2020 жылдың соңында Қазақстан экономикасындағы құлдырау 2,6% құрады. Күтілетін болжамдық 3% және басқа елдердегі экономикалық құлдырау көрсеткіштерімен салыстырғанда (Ресей - 3,8%, Қырғызстан - 7,5%, АҚШ - 4,3%, Германия - 6% және т.б.) біз жылды жағымды деңгеймен аяқтадық. Дағдарысқа қарсы қабылданған шараларға байланысты, бұл жалпы ішкі өнімнің шамамен 9% құрады. Соған қарамастан құлдырау әлі жүріп жатыр. Ал бұл дегеніміз – жұмыс орындарының қысқаруы, тұрғындардың табысының төмендеуі, тұтынушылар сұранысының азаюы және өзгесі», - дейді Ә.Әбен. Спикердің айтуынша, қазіргі уақытта ұлттық экономиканы COVID-19 дағдарысына дейінгі қалыпқа келтіру міндеті тұр. «Сарапшылардың пікірінше, қолайлы сыртқы және ішкі жағдайларда Қазақстан дағдарысқа дейінгі деңгейге осы жылдың аяғында, 2021 жылдың екінші жартысында оралып, 2022 жылы қалыпты өсу траекториясына жете алады. Сонымен, биыл экономика 3,5-4% деңгейінде өседі деп күтілуде, келесі жылы қалыпты өсім 2-2,5% құрайды», - дейді ол. Әсел Әбен атап өткендей, сыртқы жағымды жағдайлар, ең алдымен, мұнай мен металдың тұрақты бағасымен және халықаралық сауданың қалпына келуімен байланысты. Ішкі жағдайлар үкімет жүргізетін әлеуметтік-экономикалық саясатқа қатысты қалыптасады. «Қазақстан Республикасы Үкіметінің жалпы саясаты экономиканың өзін-өзі қамтамасыз етуін арттыруға, сапалы инвестицияларды тартуға, кәсіпкерлікті, инфрақұрылымды, сапалы цифрландыруды дамытуға, халықтың табысын арттыруға және жұмыспен қамтуды қамтамасыз етуге, сондай-ақ бәсекеге қабілетті адами капиталды дамытуға бағытталған. Қазіргі уақытта ҚР Үкіметі экономикалық қызметті қолдауға бағытталған антициклдық макроэкономикалық саясатты жалғастыруға ниетті. Экономикаға салықтық-бюджеттік қолдау көрсету жалғасады. Салықтық жеңілдіктер мен әлеуметтік шығындардың өсуі ішкі тұтынуды ынталандырады. Биыл 1 миллионнан астам бюджеттік сала қызметкерлерінің жалақысы өседі. Үлкен мультипликативті ықпалы бар құрылыс индустриясы экономиканың қозғаушы күші болып қала береді. 2,2 трлн. теңге көлеміндегі инвестициясының арқасында биыл 17 млн. шаршы метрді құрайтын тұрғын үй пайдалануға беру жоспарланып отыр. Өндіріс саласында шикізаттық емес салаларды, шағын және орта бизнесті қолдау мен дамытуға баса назар аударылады. ЖІӨ-ге қатысты ШОБ үлесін 30%, ал 2025 жылға қарай - 35% дейін жеткізуге бағытталған стратегиялық мақсат қойылды. Бұл бағытта «Қарапайым заттардың экономикасы» бағдарламасына ерекше назар аударылады, оны іске асыруға былтыр жалпы 1 триллион тенгеден астам қаражат бөлінген. Қаражаттарды игеру келесі бағыттар бойынша жүзеге асырылады – өңдеу өнеркәсібі және қызмет көрсету, агроөнеркәсіптік кешендегі өндіріс және қайта өңдеу. 2021 жылы ет, сүт өңдеуге, астық пен майлы дақылдарды терең өңдеуге және т.б. бағыттармен байланысты 40 инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарланып отыр. Өзінің жеке жағын өндірісін құруға «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының қатысуымен «Бастау» бағдарламасынан өткен өзін-өзі жұмыспен қамтыған және жұмыссыз адамдарға жеңілдікпен несие беру үшін микроқаржы ұйымдарын құру да оңтайлы ықпал етуі керек. Барлығы 1,3 миллионнан астам адам түрлі жұмыспен қамтылатын болады», - деді ол. Экономика ғылымдарының докторы айтып өткендей, тағы бір назар аударылған бағыт – қайта қалпына келетін энергия көздерін дамыту. «Жалпы қуаты 391,09 МВт болатын 23 қайта қалпына келетін энергия нысанын енгізу жоспарланған. Қазіргі уақытта электр энергиясының жалпы көлемінде қайта қалпына келетін энергия көздерінің үлесі 2% асты. Мемлекет басшысы кеңейтілген отырыста Қазақстан Республикасы Үкіметінің алдына бірқатар негізгі міндеттерді қойды. Жақын болашақтың басты мәселесі – халықты вакцинациялау. Халықтың өмірі мен денсаулығы, елдегі эпидемиологиялық жағдайдың тұрақтылығы және экономикалық белсенділіктің қалпына келуі осы іс-шараның сауатты өткізілуіне байланысты», - деп түйіндеді спикер.