Жаңалықтар

Көктемде балалар иммунитетін қалай көтереміз? Дәрігерден 5 кеңес

2022 жылғы 30 наурыз 17:00
Көктемде балалар иммунитетін қалай көтереміз? Дәрігерден 5 кеңес

Көктем айларында ағзада иммунитет түсіп, ересектер мен балаларда тез шаршау, әлсіреу, ештеңеге зауқы соқпау сынды жайсыздықтар білінеді. Осы орайда дәрігерлер ата-аналарға балаларының денсаулығына барынша мән беріп, иммундық жүйені көтеруге кеңес береді. Жалпы иммунитетті нығайтуды неден бастау керек? Балалар мен жасөспірімдердің иммундық жүйесін қалай жақсартуға болады?

Осы және өзге де сауалдарды Нұр-Сұлтан қаласы №10 қалалық емханасының екпе салу жұмысы бойынша дәрігер-педиатры Жанкүміс ШАЙХИСЛЯМОВАҒА қойып көрдік.

Ашық дерекөздерде иммунитетті көтеруге байланысты ақпарат көп. Маман ретінде көктемде иммунитетті жақсарту үшін қандай нақты әрі пайдалы кеңес берер едіңіз?

Иә, көктем айларында ересектердің де, балалардың иммунитеті түсіп кететіні рас. Оның негізгі себебі – қыста күн суық болғандықтан, адамдар таза ауаға серуендеуге көп шыға бермейді, күн сәулесін де көп көрмейді. Міне мұның бәрі ағзаның иммундық жүйесінің әлсіреуіне тікелей әсер етеді. Иммундық жүйені көтеру үшін, біріншіден, толыққанды, дәруменге бай тағамдарды тұтыну керек. Тамақ рационында міндетті түрде жемістер мен көкөністер, ет және сүт өнімдері болуы қажет. Екіншіден, дененің тоңып қалуына, суық тиюге барынша жол бермеуіміз керек. Ол үшін не істеу қажет? Әрине, көп қималдап, таза ауада жиі серуендеуіміз тиіс. Содан соң тыныс алу гигиенасын да жасаған абзал. Негізі осы қарапайым жаттығуларды жасауға көпшілік уақыт таба бермейді. Бірақ денсаулықтан асқан байлық жоқ қой?! Адамдар уақыт тауып, жаттығу жасауды күнделікті әдетке айналдырса, ауру-сырқаудан алыс болар еді. Үшіншіден, КВИ мен басқа да жұқпалы вирустардың алдын алу үшін, қарапайым гигиена талаптарын сақтауды ұмытпауымыз керек. Оларға сол бұрынғысынша сырттан келген соң міндетті түрде қолды сабындап жуу, бөлмелердің терезелерін ашып, ауаны жиі тазартып отыру, үйді таза ұстау т.б. жатады. Сосын вирусты жұқтырмаудың тағы бір жолы – мұрынға арнайы спрейлерді тамызып отыру. Осы арқылы аурудың алдын алуға болады. Төртіншіден, көктем түрлі вирустардың өршитін кезеңі болғандықтан, отбасымызбен барынша көпшілік шоғырланған жерлерге бармағанымыз жөн. Мысалы балалар түрлі ойын-сауық орталықтары, қоғамдық көлік т.б. жұрт көп жүретін жерлерде ауруды тез жұқтырып алуы мүмкін. Бесіншіден, иммунитетті көтеру құралдарын пайдалану қажет. Қазір иммундық жүйені көтеретін дәрі-дәрмектер өте көп. Тұрғындар өз дәрігерімен кеңесіп, міндетті түрде дәрумендер мен аталған дәрмектерді қабылдауға тиіс. Алтыншыдан, созылмалы ауруларды санациялауға көңіл бөлу қажет. Оларға не жатады? Мысалы ауыз қуысындағы тіс жегіні, тонзиллит, гайморрит сынды ауруларды емдеу. Ал аллергиясы бар науқастарға гипоаллергенді тұрмыс салтын сақтап, гипоаллергенді тағамды тұтынуға кеңес беріледі.

Балалардың иммунитетін көтеруге де дәл осындай кеңестер бересіз бе?

Әрине, балалардың да иммундық жүйесін көтеруде – дұрыс тамақтанудың орны бөлек. Тек осы тамақ рационы дұрысталғаннан кейін ғана олардың иммунитетін күшейту туралы сөз қозғауға болады. Сосын 1 жасқа дейінгі балаларды ана сүтімен емізу қашан да маңызды. Тек ана сүті арқылы сәбилер көптеген дәруменді ала алады. Балалар иммунитетін көтерудегі тағы бір басты жайт ол – уақтылы екпе салу. Яғни шарана дүниеге келген соң, міндетті түрде екпе күнтізбесінде бекітілген вирустарға қарсы вакцинаны салдыру керек. Оның ішінде қызылша, қызамық пен паратитке қарсы екпе салдыру маңызды. Мұның бәрі балалардың иммундық жүйесін көтеру жол ашады.

Қазақстанда, осыдан бірер ай бұрын омикрон штамы белең алды. Адамдар еңбек ұжымдарында, көпшілік орындарында бір-біріне КВИ-дың жаңа штамын тез жұқтырып жатты. Оның ішінде балалар да бар. Негізі бұл штамның балалар мен ересектердің иммундық жүйесіне әсері қандай болды?

Барлық вирустық ауруларда адамдардың иммундық жүйесі әлсірейді. Бұл жалғыз коронавирусқа ғана қатысты емес. Негізі кез келген вирустық инфекциядан кейін, иммунитетті көтеруді қолға алған абзал. Өкінішке қарай, азаматтар дертті жеңіп, жеңілдеп қалған соң, денсаулығым қалыпқа келді, енді ауырмаймын деп денсаулыққа жүрдім-бардым қарайды. Сөйтіп жиі ауыратын күйге жетеді. Бұл дұрыс емес. Адам ауырып тұрған соң, міндетті түрде денсаулықты қалпына келтіру, оның ішінде иммунитетті жоғарылатуға ден қою керек. Бұл дегеніміз не? Ол жаңағы жоғарыда атап өткен шаралардың барлығы. Яғни тамақ рационын қадағалау, таза ауада жиі серуендеу, көп қимылдау және т.т.

- Қазір көктемде ЖРВИ жұқтыру көрсеткіштері де арта түседі. Осы орайда «омикрон» мен қарапайым тұмауды қалай ажырата аламыз?

КВИ-дың «омикрон» штаммы да, ЖРВИ да – барлығы вирустық аурулар ғой. Сол себепті оларды жұқтыру белгілері бірдей болуы заңды. Бірақ «омикронды» адамдар өте тез жұқтырды әрі оның ауқымы да кең болды. Яғни, естеріңізде болса, жыл басында елімізде «омикронмен» ауырғандар саны күн санап мыңдаған адамдарға жетіп жатты. Демек оның ЖРВИ-дан басты айырмашылығы да сол – жылдам таралады және «контагиозды». Міне басты айырмашылық осында деп ойлаймын.

- Қазақстанда бүгінде КВИ-ға қатысты жағдай тұрақты деп бағаланып отыр. Мұндай оң нәтижеге вакцинаның арқасында қол жеткіздік пе?

Әрине, елімізде тұрғындардың басым көпшілігіне COVID-19-ға қарсы вакцина салынды. Сонымен бірге азаматтардың дені бүгінде коронавируспен ауырып тұрды, ад бұл дегеніміз - олардың ағзаларында вирусқа қарсы табиғи иммунитет пайда болды дегенді білдіреді. Мұның барлығы дертті жеңуге оң әсерін тигізетіні анық.

Әңгімеңізге рахмет!


Авторы: Майнұр Ырсақ