Жаңалықтар

Конфессиялардың пандемия кезіндегі диалогы елордадағы халықаралық конференцияда талқыланды

2020 жылғы 24 қыркүйек 19:26
Конфессиялардың пандемия кезіндегі диалогы елордадағы халықаралық конференцияда талқыланды

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Бүгін Нұр-Сұлтан қаласында Н.Назарбаев атындағы Конфессияаралық және өркениетаралық диалогты дамыту орталығында «Пандемия жағдайындағы конфессияаралық және өркениетаралық диалог» тақырыбында халықаралық онлайн конференция өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Онлайн-конференцияға ҚР Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Марат Әзілханов, Қасиетті Престолдың дінаралық диалог жөніндегі Папа кеңесінің Исламмен байланыс бөлімінің меңгерушісі (Ватикан) - Халед Акаше, Исламабад халықаралық ислам университеті Исламды зерттеу институтының бас директоры (Пәкістан) - Мұхаммад Зия Уль-Хак, сондай-ақ халықаралық ұйымдар, Қазақстанның діни бірлестіктері мен ғылыми сарапшылар қауымдастығы өкілдері қатысты.

Конференция барысында қатысушылар пандемия кезінде жалпы адамзаттық рухани құндылықтарды нығайтуға, бітімгершілік, толеранттылық, бейбітшілік пен келісімді ілгерілетуге бағытталған конфессияаралық диалогты дамытудың өзекті мәселелерін талқылады.

Марат Әзілханов өз сөзінде діни бірлестіктер мен азаматтық қоғам біртұтас болуы керек екенін, әлемді жаулаған дерт кезінде, қауіп-қатер мен қорқынышты тек бірлік, жасампаздық, ауызбіршілік қасиеттер арқылы жеңуге болатынын алға тартты.

Іс-шараға қатысушылар конференцияны қорытындылай келе, жалпы адамзаттық рухани құндылықтарды нығайту үшін дінаралық диалогты тиімді дамыту, қоғам мен мемлекеттердің күш-жігерін біріктіру бүгінде бүкіләлемдік қауымдастық үшін өте маңызды деген пікірге келді.