Жаңалықтар

Коронавирус: Алматы облысының тұрғындары екпені Алматы қаласында жасата алады

2021 жылғы 10 сәуір 17:55
Коронавирус: Алматы облысының тұрғындары екпені Алматы қаласында жасата алады

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматы қаласы және Алматы облысы әкімдерінің орынбасарлары Ержан Бабақұмаров пен Батыржан Байжұманов жаппай вакцинация бойынша онлайн форматта өңірлік штабтардың бірлескен отырысын өткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бірлескен отырысқа қала аудандарының және облыстың шекаралас аудандарының әкімдері, денсаулық сақтау, санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармаларының басшылары, сондай-ақ аудандық медициналық ұйымдардың басшылары қатысты. Басты міндет — Алматы облысында тұратын және Алматы қаласының аумағында жұмыс істейтін азаматтарды вакциналау бойынша бірлескен іс-қимыл алгоритмін әзірлеу. ҚР Денсаулық сақтау министрлігі бекіткен механизмді ескере отырып, қала тұрғындары вакцинаны тіркелген жеріне қарамастан, тұрғылықты жері бойынша ала алады. Сонымен қатар, Алматы облысының көптеген тұрғындары Алматы қаласының аумағында орналасқан кәсіпорындарда жұмыс істейді. Осыған байланысты, отырыста ірі кәсіпорындардың қызметкерлерін өңіріне (Алматы қаласы, Алматы облысы) және нақты тұратын немесе тіркелген жеріне қарамастан, жұмыс орны бойынша вакциналау туралы шешім қабылданды. Алматыда коронавирусқа қарсы егу пунктері қай жерлерде орналасқаны туралы бұған дейін жазған болатынбыз.