Жаңалықтар

Коронавирус: Алматыда вакцина салдырғандар саны 200 мыңнан асты

2021 жылғы 5 мамыр 19:38
Коронавирус: Алматыда вакцина салдырғандар саны 200 мыңнан асты

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Бақытжан Сағынтаев «Алматы» телеарнасындағы Аkimat Live бағдарламасында вакцинация коронавирус инфекциясымен күресте маңызды екенін айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Мегаполис әкімінің айтуынша, қоғамдық береке және қала өмірінің бұрынғы қалпына қайта оралуы әрқайсымызға тікелей байланысты. Сонымен қатар, ол көп нәрсенің бизнес өкілдеріне қатысты екенін тілге тиек етті. Олар ұжым мүшелерін екпеден өткізу арқылы клиенттері алдында жауапкершіліктерін көрсете алады. Келушілердің денсаулығына деген шынайы қамқорлық осыдан көрінеді, бұл әсіресе қоғамдық тамақтану орындарына, қызмет көрсету салаларына тікелей қатысты. Айта кетейік, Алматыда қалалықтарды жаппай вакциналау 2 сәуірде басталды. «Өткен тәуліктерде КВИ-ге қарсы вакцинаны 6 037 адам алды. Жалпы ағымдағы жылы 1 ақпан мен 4 мамыр аралығында 232 295 адамға екпе салынды. Оның ішінде 25 сәуірден бастап QazVaс вакцинасын 2 723 адам алды. ІІ компонентті «Спутник –V» екпесін 87 214 адам қабылдады. Сонымен қатар, Hayat Vax препаратымен вакциналау басталды»,-деді Бақытжан Сағынтаев.