Жаңалықтар

Коронавирус бойынша әлем елдеріндегі ахуал

2021 жылғы 16 қаңтар 13:56
Коронавирус бойынша әлем елдеріндегі ахуал

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Әлемде коронавирус пандемиясы салдарынан қайтыс болған адамдардың саны 2 миллионнан асты. Ұлыбританияға кіру үшін ПТР-анықтама қажет. Ал Германияда N95 стандартындағы респираторлық маска кию міндеттелмек. ҚазАқпарат коронавирусқа қатысты осы және өзге де жаңалықтар жөнінде ВВС-ге сілтеме жасап хабарлайды.

Джонс Хопкинс Университетінің мәліметі бойынша, пандемия басталғаннан бері әлемде вирусқа шалдыққандар саны 93,3 миллионнан асты, 2 миллионнан астам адам қайтыс болды. Бірқатар елде, атап айтқанда Еуропада күнделікті өлім-жітім 1 мыңнана жоғары болып отыр. Індеттің күрт өсуі салдарынан Бразилияның Амазонас штатының астанасы Манаус ауруханаларында оттегі қоры таусылды. Бөлімшелерде бос төсектер, өкпені жасанды желдету аппараттары мен оттегі маскалары да қалмаған. Дәрігерлер ауруханаларға жеткізіліп жатқан жаңа пациенттерге көмектесе алмайтындарын мәлімдеді. Бразилия коронавирус жұқтырғандардың саны бойынша әлемде – үшінші орында (8,3 миллион), қайтыс болғандар көрсеткішімен екінші орында (207 мың) тұр. Ұлыбритания елге кіруге тыйым салады Ұлыбритания премьер-министрі Борис Джонсон 18 қаңтар күнгі сағат 04:00-ден бастап әлемнің барлық елдерінен еркін кіру тоқтатылатынын мәлімдеді. Бұл шектеу карантинге қарамастан еркін қатынау келісімі жасалған мемлекеттерге де қатысты болып отыр. Яғни ендігіде Ұлыбританияға келетіндердің барлығы елге ұшып-шықпас бұрын коронавирусқа тест тапсыруы қажет. Сондай-ақ Ұлыбритания аумағына келгеннен кейін 10 күн оқшаулануда болады немесе 5 күндік оқшаулаудан соң қайта тест тапсырулары тиіс. Жаңа шектеулер 15 ақпанға дейін күшінде болады. Бұған дейін Ұлыбритания және басқа да бірқатар елдер Оңтүстік Америка, Португалия және Кабо-Верде елдерінен келетін жолаушыларға уақытша тыйым салған болатын. Бұл шешім осы аптада жапон ғалымдарының коронавирустың жаңа, «бразилиялық түрін» ашуымен байланысты қабылданды. Індеттің «бразилиялық түрін» жапон ғалымдары Жапонияға келгендердің барлығын күнделікті тексеру кезінде Бразилиядан сапарлаған төрт туристің анализінен тапқан. Онымен бір мезгілде Ұлыбританияда өзін-өзі оқшаулау шаралары нәтиже бере бастағаны туралы алғашқы мәліметтер пайда болды: соңғы күндері жаңа жағдайлардың саны төмендеп, R көбею коэффициенті елде орташа есеппен 1,2-1,3-ке дейін төмендеген. Лондонда уақытша мәйітхана жұмыс істей бастады Лондонның солтүстік-батысында жұма күні уақытша мәйітхана жұмыс істей бастады. Ол біртіндеп кеңейіп, 20 қаңтарға дейін 1300 мүрдені қабылдай алатын болады. Ұлыбритания астанасының мэрі Садик Ханнің мәліметінше, Ұлыбритания астанасында пандемия құрбандарының саны 10 мыңнан асты. Айта кетсек, Лондонда пандемияның алғашқы толқыны кезінде уақытша төрт мәйітхана ашылған еді. Бірақ ол кезде мәйітханалардың қажеті болмады. Бір апта ішінде салынған мәйітхана тоңазытқыш қондырғылары бар шатырлардан тұрады. Осындай уақытша нысандар басқа да ағылшын қалаларында бой көтермек. Еуропа: тыйым үстіне тыйым Германияда Covid-19 жұқтырғандардың саны 2 миллионнан асты, соңғы 24 сағатта тағы 1113 адам қайтыс болды. Германия канцлері Ангела Меркель 16 федералды жердің басшыларымен ковид-саммит өткізіп, қазірдің өзінде қатаң локдаунды одан сайын күшейтуді ұсынбақ. Дүйсенбіден бастап Бавария медициналық маскаларға жаңа талаптар қояды: әдеттегі бірреттік маскалар тиімсіз деп танылды және үй-жайларда FFP2 стандартына сәйкес келетін респираторлар кию міндеттелді (бұл маскалар N95 деп те аталады). Мұндай талап жақын уақытта елдің барлық аумағында енгізілетіні күтілуде. Португалияда ұлттық локдаун жарияланды, ол жоқ дегенде 30 қаңтарға дейін созылады. Мектептер, азық-түлік дүкендері, ветеринарлық клиникалар, наубайханалар, гүл дүкендері мен қонақ үйлер ашық болады. Сондай-ақ азаматтардан еш себепсіз үйден шықпауға кеңес берілді. Венгрия Қытайдың CoronaVac вакцинасын мақұлдаған алғашқы еуропалық ел болуы мүмкін. Премьер-министр Виктор Орбан дәл осы вакцинаны қолдануды ұсынып отыр және елдің фармацевтикалық реттеушілерін шешімді тезірек қабылдауға шақыруда. Австриядағы Китцбюэль тау шаңғысы курортында COVID-19 індеті күрт тарады. Жергілікті басшылықтың пікірінше, оған себеп Ұлыбританиядан келген нұсқаушылар болды. Енді курорт өз бюджетінен бүкіл округке коронавирус сынағынан өтуді ұсынуда. Китцбюэлде әйгілі «Штрайф» тасжолында тау шаңғысы бойынша әлем кубогы кезеңдерінің бірі өтіп жатқан болатын. Алайда аурудың өршуіне байланысты оны Австрияның басқа аймағына ауыстыруға тура келді. Испанияда рождестволық мерекелерден кейін індеттің күрт өскенін айтылуда. Қазіргі таңда елдегі ауруханаларда COVID-19 диагнозы қойылған 19 мың пациент бар, олардың көпшілігі қаңтар айының басында түскен. ЕО-ның көптеген елдері Pfizer вакцинасын уәде етілген көлемде алмады, өйткені америкалық компания жеткізілімдерді кешіктіріп жатыр. Швеция, Дания, Финляндия, Литва, Латвия және Эстония бұл жағдайды ақылға қонымсыз деп атады және оның вакцинация процесіне сенімді төмендететінін мәлімдеді. Қытайда науқастар саны көбейді Қытайда өткен жылдың 1 наурызынан бергі ең жоғары тәуліктік көрсеткіш тіркелді – 144 жағдай (наурызда 202 болған). Басқа елдердің статистикасымен салыстырғанда бұл көрсеткіш аз болып көрінеді, алайда Қытай билігі оны дабыл ретінде қарастырып отыр. Науқастардың көпшілігі 22 миллион халқы бар Хэбэй провинциясында тұрады. Осы провинцияда шұғыл түрде 3 мың орындық аурухана-изолятордың құрылысы басталды. Байден Америкаға қол ұшын созбақ: байлар көбірек төлейді 20 қаңтар күні АҚШ президенті лауазымына ресми кірісетін Джо Байден елге қызметін 1,9 трлн долларлық көмек пакетін ұсынудан бастағысы келеді. Бұл сома әр америкалыққа 1400 долларды құрайтын біржолғы төлемдерді, жұмыссыздық бойынша жәрдемақыларды және басқа да әлеуметтік төлемдерді арттыруды қарастырады. 400 млрд доллары вакцинация науқаны мен індетке қарсы басқа да шараларды ұйымдастыруға жұмсалады.