Жаңалықтар

Коронавирус бойынша әлемдегі жағдай

2021 жылғы 14 қаңтар 11:02
Коронавирус бойынша әлемдегі жағдай

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – АҚШ пен Ұлыбританияда пандемия кезіндегі өлім-жітімнің ең жоғары деңгейі тіркелді. Украина үкіметі Қытай вакцинасын сатып алып, ЕО-дан дәрі-дәрмек жеткізуге көмекн сұрады. Ал Еуропаның өзінде коронавирустан вакциналау өте баяу жүруде. ҚазАқпарат коронавирус індетіне қатысты әлемдегі ахуал жөнінде ВВС-ге сілтеме жасап хабарлайды.

Джонс Хопкинс Университетінің мәліметі бойынша, пандемия басталғаннан бері әлемде коронавирусқа шалдыққандардың жалпы саны 91 миллионнан асты, 2 миллионға жуық адам қайтыс болды. Өткен тәулікте АҚШ-та өлім-жітімнің кезекті рекорды орнады: сейсенбіде елде COVID-19-дан 4470 адам қайтыс болды – бұл пандемия кезіндегі ең жоғары көрсеткіш. Жаппай вакцинация АҚШ-та желтоқсан айында басталған еді. Бірақ ғалымдардың айтуынша, оның айтарлықтай нәтижелерін тек көктемде күтуге болады. Жақында билік бұдан былай АҚШ-қа келгендердің барлығы коронавирусқа тест тапсыруы керектігін мәлімдеді. АҚШ науқастар мен қайтыс болғандар саны бойынша әлемде бірінші орында – сәйкесінше 22,8 миллион және 380,7 мың адам. Көршілес жатқан Канада да індеттің екінші толқынын бастан кешуде. Халқы көп Онтарио провинциясының үкіметі тұрғындарға үйлерінен себепсіз шығуға тыйым салды. Аймақ губернаторы денсаулық сақтау жүйесі барынша жұмыс істеп жатқанын айтты. Ұлыбританиядағы рекордтық өлім-жітім Ұлыбританияда өлім-жітім рекордты көрсеткішке жетті. Өткен тәулікте елде коронавирус жұқтырған 1564 адам қайтыс болды. Ұлыбритания Премьер-министрі Борис Джонсон сәрсенбіде өткен брифингте Үкімет жаңа шектеулерге баруға дайын екенін айтты. Сонымен бірге Шотландия үкіметі де қосымша талаптар енгізді. Жақын арада Англияда да осындай шаралар енгізілуі мүмкін. «Бразилия вирусы»: жаңа мутация – иммунитетке қауіп Ұлттық жұқпалы аурулар институтының жапон ғалымдары Бразилиядан келген төрт туристің анализінен SARS-Cov-2 коронавирусының жаңа түрінің белгілерін тапты. Дәл осындай мутация осының алдында Ұлыбритания мен Оңтүстік Африкада анықталған еді. ДДСҰ-да COVID-19 пандемиясымен күрес үшін жауапты Мария ван Керкхов барлық елдердің билігін қырағылыққа шақырды. Себебі «бразилиялық штамм» деп аталған жаңа мутацияны ауыздықтау қиын болуы мүмкін. Вакциналар: сапасы мен саны күмән тудырады Сәрсенбіде вакцинация науқаны әлемдегі ең көп қоныстанған елдердің бірі – Индонезияда басталды. Жергілікті реттеуші Қытайдың CoronaVac вакцинасы (Sinovac шығарған) Бразилияда жүргізілген соңғы клиникалық зерттеуде тиімділіктің 50% ғана көрсеткеніне (бұл көрсеткіш Бразилия билігінің ресми мақұлдауына жеткілікті болды) қарамастан, оны өз елінде қолдануға рұқсат берді. Индонезия президенті Джоко Видодо вакциналаудан өткен алғашқы адам болды. Бұл сәт жергілікті телеарнада тікелей эфирде көрсетілді. Ал Еуроодақтың құзырлы органдары Оксфорд университеті мен AstraZeneca компаниясы әзірлеген вакцинаны мақұлдау рәсіміне кірісті. ЕО елдері оны қолдануға болатын сәтті асыға күтуде. Себебі Одақтың көп елінде вакциналау өткен жылдың желтоқсан айында басталып кеткенімен, ол күтілгендей тез және тиімді нәтиже бермей отыр. Ал Ұлыбритания билігі AstraZeneca препаратының қолданысына рұқсат беріп қойды. Politico сайтының хабарлауынша, ЕО-ның ірі елдерінде халықтың шамамен 1% вакцинациядан өтті. Дегенмен кейбір мемлекеттерде вакциналанғандар саны бұдан да төмен, мысалы, Францияда әр 100 тұрғынға орташа есеппен 0,29 адамнан келеді. Украина президенті Владимир Зеленский ЕО-ға вакциналар сатып алуға көмек сұрады: ол бұл туралы жақында сайланған Молдова президенті Майя Сандудың Киевке сапары кезінде айтты. Джонс Хопкинс Университетінің мәліметі бойынша, Украинада 1,1 миллионнан астам адам коронавирус жұқтырды, шамамен 21 мың адам қайтыс болды. Еуропа: карантин шаралары жеңілдетілмейді Франция үкіметінің ғылыми кеңесшілері Ұлыбританияда алғаш рет пайда болған коронавирустың жаңа, әлдеқайда жұқпалы түрін – «британдық штамның» таралмауына қажетті шектеу шараларын енгізуге шақырды. Ғалымдардың пікірінше, қазіргі уақытта британдық нұсқа –Францияда COVID-19 жаңа жағдайларының 1% құрап отыр. Германия бұған дейін билік күткендей, ақпан айының басында шектеу шараларын алып тастау немесе жеңілдету қадамдарына бара алмайды, деді сәрсенбіде елдің денсаулық сақтау министрі Йенс Шпан. Оның айтуынша, вирусты ұстап тұру әлі де қиын және вакцинацияның алғашқы нәтижелерін күту керек, ол тек екі-үш айдан кейін болады. Роберт Кох институтының мәліметінше, сәрсенбіде Германияда аурудың 19,6 мың жаңа жағдайы анықталды. Өткен тәулікте 1060 адам қайтыс болды. Қытайда миллиондаған адам карантинде 37,5 миллион халқы бар Қытайдың солтүстік-шығысындағы Хэйлунцзян провинциясы сәрсенбіде төтенше жағдай жариялады. Провинцияның шекаралары жабылды, оның шекарасынан тек арнайы рұқсат бойынша шығуға болады. Өткен аптаның аяғынан бастап төрт қалада қатаң карантин енгізілді, 28 миллионнан астам адамға үйлерінен шықпауға нұсқау берілді. Жапония осы уақытқа дейін Токио мен қала маңында ғана күшінде болған төтенше жағдай режимін басқа жеті ірі аймаққа да енгізеді. Жапонияда өлім-жітім көрсеткіші ең төмен саналады: пандемия басталғаннан бері онда 4100-ге жуық адам қайтыс болды, бұл АҚШ-қа қарағанда аз.