Жаңалықтар

Коронавирус еліміздің отын-энергетика кешеніне қалай әсер етті

2020 жылғы 24 қараша 17:10
Коронавирус еліміздің отын-энергетика кешеніне қалай әсер етті

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Энергетика министрі Нұрлан Ноғаев отын-энергетика кешеніне коронавирустың әсері жайында айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Әлемді жайлаған коронавирус індетінің отын-энергетика кешеніне әсері жөнінде тоқталмақпын. Бұл індет біздің салаға да кері әсерін тигізді. Осы саладағы 10 700 адам коронавирусқа шалдығып, 9 529 адам сауығып кетті. Қазіргі кезде қалғандары емделіп жатыр», - деді министр Орталық коммуникациялар қызметінде. Таратылған мәліметке қарағанда, мұнай-газ саласында қызмет ететін 9 123 адам, уран саласында – 990 адам, энергетика бағытында 682 адам індет жұқтырған. Осы орайда ол Үкімет басшысының тапсырмасы бойынша министрлікте арнайы штаб құрылғанын, онда бұл саладағы барлық компаниялардағы күнделікті ақпаратқа сәйкес қажетті шешімдер қабылданғанын жеткізді. «Мемлекет басшысының берген тапсырмасы аясында мемлекеттік комиссияның қабылдаған шешімдерін орындай отырып, өз тарапымыздан отын-энергетика кешенінің тұрақты жұмысын жалғастыруға, азаматтардың жұмыстап шығып қалмауына қатысты ұсыныстарды енгіздік. Осы орайда оң нәтижеге қол жеткізілді», - деді Н. Ноғаев.