Жаңалықтар

Коронавирус: Қанша адам тегін дәрімен қамтылады

2020 жылғы 23 қараша 18:44
Коронавирус: Қанша адам тегін дәрімен қамтылады

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Коронавируспен ауырғандарды тегін амбулаторлық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету ұйымдастырылды. Бұл туралы ҚР Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Коронавируспен ауырғандарды тегін амбулаторлық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету ұйымдастырылды. Шамамен 2 млрд теңгеге 1 млн-ға жуық адамды қамту жоспарланған», - деді министр IX Азаматтық форум аясында үкіметтік емес ұйымдар өкілдерімен кездесуі барысында. Министр жаз айларында бөлшек сауда желілерінде дәрілік заттардың тапшылығына байланысты халық арасында дүрбелең орын алғанын атап өтті. Сонымен қатар ол алдағы уақытта мұндай жағдайдың орын алмауы үшін Үкімет «СҚ-Фармация» компаниясына қажетті дәрілік заттарды шекті бағамен бөлшек сауда желісінде сату үшін көтерме бағамен сатып алу қызметін жүктегеніне назар аудартты. «Мұндай қызмет «СҚ-Фармация« компаниясына карантин кезінде және коронавируспен емдеу хаттамасына кіретін дәрі-дәрмекке қатысты ғана жүктеліп отыр. Коронавирустың жаңа толқынына дайындық аясында және бөлшек дәріханаларда дәрі-дәрмектің тапшылығына жол бермеу үшін әкімдіктер Бірыңғай дистрибьютердің порталында жалпы сомасы 3,1 млрд теңгені құрайтын дәрілік заттардың тапшы 33 атауына өтінім берді», - деді Алексей Цой.