Жаңалықтар

Коронавирус: Қазақстан ғалымдары ревакцинация мәселесін талқылауда

2021 жылғы 4 тамыз 18:26
Коронавирус: Қазақстан ғалымдары ревакцинация мәселесін талқылауда

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Жоғары санатты инфекционист дәрігер, медицина ғылымдарының кандидаты Сәуле Атығаева ревакцинация жүргізу үшін қандай алғышарттар болу керектігін айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Ол үшін халықтың иммундық деңгейі, инфекциядан кейінгі және вакцинациядан кейінгі иммунитеттегі қайшылықтар зерттеледі. Ауырған адамдар мен вакцина алған адамдарда антиденелердің деңгейі қаншалықты жоғары әрі ұзақ сақталатыны қадағаланады. Иммунолог, вирусолог, инфекционист мамандар осының бәрін талдайды. Сол талқылаулардың қорытындысы бойынша Денсаулық сақтау министрлігіне халықты қайта вакциналау қажеттілігі немесе қажет еместігі туралы ұсынымдар береді», - деді инфекционист. Маманның айтуынша, қазір бұл мәселе отандық ғалымдар арасында талқыланып жатыр. «Қандай да бір қорытынды бермес бұрын, мәселені зерттеу керек. Ревакцинация мәселесі инфекциямен ауырған немесе вакциналанған адам ағзасындағы антиденелердің қаншалықты ұзақ сақталатынын білгеннен кейін шешіледі. Нақты қорытынды алған кезде ғана ревакцинация туралы сұраққа жауап болады», - деді Сәуле Атығаева.