Жаңалықтар

Коронавирус: Қазақстан өңірлерінде 10 инфекциялық аурухана іске қосылды

2020 жылғы 23 қараша 19:01
Коронавирус: Қазақстан өңірлерінде 10 инфекциялық аурухана іске қосылды

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Ел өңірлерінде 10 инфекциялық аурухана іске қосылды. Бұл туралы ҚР Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Мемлекет және Үкімет басшыларының тапсырмаларына сәйкес, «Жұмыспен қамту» жол картасы қаражаты аясында 13 модульдік жұқпалы аурулар ауруханасын салынуда. 10 өңірде стационарлар жұмысын бастап та кетті. 3 өңірде құрылыс-монтаждау жұмыстары аяқталуға жақын», - деді министр IX Азаматтық форум аясында үкіметтік емес ұйымдар өкілдерімен кездесуі барысында. Сонымен қатар ол еліміздің стационарларында өкпені жасанды желдетуге арналған 2 467 аппарат жеткізілгенін айтты. Оның 1500-ін отандық компаниялар жасаған. «Бұған қоса, 64 оттегі стансасын пайдалануға беру есебінен орталықтандырылған оттегімен қамтылған төсек-орын саны 38,5 мыңға жетті. Дер уақытында диагностика жасау үшін аудандық ауруханалар рентген аппараттарымен жабдықталды. Атап айтқанда, 40 аппарат орнатылып, 13-і жеткізу және орнату сатысында тұр», - деді Алексей Цой.