Жаңалықтар

Коронавирус: Қазақстандық ғалымдар жануарларға арналған вакцина жасайды

2021 жылғы 14 сәуір 13:27
Коронавирус: Қазақстандық ғалымдар жануарларға арналған вакцина жасайды

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Биологиялық қауіпсіздік мәселелері ғылыми-зерттеу институты жануарларға арналған коронавирусқа қарсы вакцина әзірлеуді жоспарлап отыр.

Бұл туралы ҚР Білім және ғылым вице-министрі Мирас Дәуленов айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат. «Институт (БҚМҒЗИ) алдына жануарларға арналған COVID-19 қарсы вакцинаны әзірлеу міндеті қойылды. Жануарлардың да ауру жұқтыра алатынын және тасымалдаушы бола алатынын білеміз. Олардың адамдарға ауру жұқтырмауы үшін осындай вакцина қажет. Сондықтан институт алдына осы міндет қойылып отыр», - деді вице-министр Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында. Айта кетейік, ертең 15 сәуірде «QAZVAC» отандық вакцинасын клиникалық зерттеудің үшінші кезеңі аяқталады. Бұған дейін спикер еріктілердің клиникалық зерттеуі қалай өтіп жатқанын айтып берген еді.