Жаңалықтар

Коронавирус: Қызылорда облысында 3600 медицина қызметкері резервке алынды

2020 жылғы 23 қараша 15:55
Коронавирус: Қызылорда облысында 3600 медицина қызметкері резервке алынды

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қызылорда облысында коронавирус инфекциясының ықтимал екінші толқынына дайындық жұмыстары күшейтілді. Бұл туралы бүгін өңір басшысы Гүлшара Әбдіқалықова Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингіде айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл мақсатта халыққа алғашқы кезектегі қажетті дәрі-дәрімектің екі айлық қоры жасақталған. Одан бөлек, тұрақтандыру қоры арқылы дәрілік заттарды алуға 488 млн теңге қаржы бөлінген. «Өкпені жасанды желдету (ИВЛ) аппаратының 244 данасы өңірге жеткізілді. Оған қоса, 60 рентген аппараты, 682 оттегі концентраторы бар. Айта кетерлігі, 21 инфекциялық стационарда қажетілігіне қарай 3200 төсек-орнын дайындауға мүмкіндігіміз бар. Жақын күндері 200 төсектік жаңа модульдік инфекциялық аурухананың құрылысы аяқталады», - деді Гүлшара Әбдіқалықова. Облыста медицина мамандары үшін 44 санитарлық автокөлік табысталды. Демеушілер есебінен облыстық көпбейінді ауруханада оттегі станциясы іске қосылды. Ал Қазалы ауданында тағы бір станция пайдалануға берілмек. Емдеу мекемелерінде маман тапшылығын болдырмау мақсатында 3600 медицина қызметкерінен кадрлық резерв қалыптастырылған. Еске салайық, Г.Әбдіқалықова бүгінгі брифингіде мәлім еткендей, Қызылорда облысында аграрлық салада экспортқа шыққан тауардың 98 пайызы – қайта өңделген өнімдер болып табылады. Өңірде балық шаруашылығын дамыту үшін арнайы бағдарлама жасалды. Қызылорда облысында 54 мыңнан астам кәсіпкерге салықтық жеңілдік жасалды.