Жаңалықтар

Коронавирус: Маңғыстаулық кәсіпкерлер «Ashyq» жобасына қатыса бастады

2021 жылғы 16 сәуір 02:32
Коронавирус: Маңғыстаулық кәсіпкерлер «Ashyq» жобасына қатыса бастады

АҚТАУ. ҚазАқпарат – Маңғыстау облысында кәсіпкерлік нысандарда коронавирустың таралуын тежеуге бағытталған «Ashyq» пилоттық жобасы қолға алынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Облыстың өңірлік кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Аққу Айтжанованың айтуынша, бұл жоба коронавирус инфекциясының кәсіпкерлік субъектілерде таралу қаупін төмендетеді. «Жобаның артықшылығы — қауіпсіздік. Қазіргі уақытта бизнес карантиндік шектеулермен жұмыс істейді. «Ashyq» мобильдік қосымшасы QR кодын пайдалану және жалпы ПТР мәліметтер базасымен интеграциялау арқылы келушінің мәртебесін анықтауға мүмкіндік береді. Осылайша, жобаға қатысушылар қабылданған санитарлық шараларға қосымша бақылауды жүргізе алады», - деді Аққу Айтжанова. QR коды кәсіпкерлік субъектісіне беріледі. Жобаға қатысатын кәсіпкерлер өздерінің QR-кодтарын InfoKazakhstan.kz платформасы арқылы ала алады. QR-код азамат туралы мәліметті 4 түспен көрсетеді: жасыл, көк, сары және қызыл. «Келуші телефонына «Ashyq» мобильдік қосымшасын жүктеп, телефон нөмірімен тіркеледі, ЖСН енгізіп, мекеменің QR кодын сканерлейді. Сондай-ақ, шығу кезінде де QR кодын сканерлеу керек. Мобильді қосымшадан QR-кодты сканерлегеннен кейін келушінің мәртебесі түсті форматта жанады, ол адамның індетті жұқтырғандығын немесе жұқтырмағандығын көрсетеді», - деді Маңғыстау облысы сауда және кәсіпкерлік басқармасы басшысының орынбасары Мұқанбетжан Көбеген. Өңірімізде карантин шаралары жеңілдетілгеннен бастап кәсіпкерлік субъектілердің 75% немесе 650 кәсіпкерлік субъектісі карантин талаптарын сақтай отырып жұмысын бастады. Маңғыстау облысында қызмет көрсету саласында 185-ке жуық кәсіпкерлік субъектісі бар. Бұл жобаның бір ерекшелігі, егер өңір «қызыл» аймақта орналассад а «Ashyq» жобасына қатысушы кәсіпкерлік субъектілері жұмысын жүргізе береді. Айта кетейік, бүгінде «Ashyq» пилоттық жобасына бірнеше өңірдің кәсіпкерлері қосылды. ҚР ДСМ Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің төрайымы Айжан Есмағамбетова жоба талаптарын орындамаған нысандар жобадан шығарылатынын мәлімдеді.