Жаңалықтар

Коронавирус өңірлерде өршіп тұр: Әкімдер ахуалды қалай тұрақтандырмақ

2021 жылғы 19 қаңтар 12:22
Коронавирус өңірлерде өршіп тұр: Әкімдер ахуалды қалай тұрақтандырмақ

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазіргі уақытта елордамыз Нұр-Сұлтан қаласы мен 5 өңір, атап айтқанда Ақмола, Атырау, Павлодар, Қостанай, Солтүстік Қазақстан облыстарында эпидемиологиялық ахуал нашарлап, тұрғындар арасында коронавирус инфекциясын жұқтырғандар қатары көбейіп тұр.

Мұндай жайттың орын алуына бұған дейінгі мерекелік күндері халықтың еркінсіп, жүріс-тұрысты көбейтіп жібергені сеп болып тұрғаны да белгілі. Осыған орай бүгін Премьер-Министр Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында аталған «қызыл» аймаққа кірген 5 өңірдің әкімдері өздері басшылық жасайтын облыстағы эпидемиологиялық жағдай және коронавирустың алдын алу үшін қолға алған шаралар жайында есеп берді. Алдымен сөз тізгіні тиген елдорда әкімі Алтай Көлгіновтің айтуынша, 16 қаңтардан «қызыл» аймаққа кірген қаладағы коронавирус индекциясының репродуктивтілік индексі 1.279-ды құрап отыр. Осыған орай инфекциялық стационарларда 720 орын әзірленді. 121 реанимациялық төсек-орын дайындалды. Зертханалар саны 23-ке дейін көтейтілді. Олардың жалпы қуаттылығы тәулігіне 12 мыңнан астам зерттеу жүргізуге мүмкіндік береді. Бұған қоса, көпбейінді ауруханалардың қабылдау бөлімдеріне, стационарлардың акушерлік блоктарында нәтижесі 1,5-2 сағаттың ішінде дайын болатын изотермиялық шағын зерханалар ашылды. Тестілеу саны да едәуір артырылып, 99 мыңға дейін артты. Амбулаториялық-зертханалық қызмет жұмысы күшейтілді. Пациенттердің шақыртуларына қызмет көрсету үшін 5 мың халыққа 1 бригада есебімен мобильді бригадалардың жұмысы ұйымдастырылды. Қала бойынша 207 мобильдік бригада жұмыс істеуде. Құқық қорғау органдарымен шектеу шараларын сақтау бойынша мониторинг жалғасып жатып. Қала аумағында 9 мобильді топ құрылды. Аталған топтар осы уақытқа дейін 9 мыңнан астам нысанды мониторингпен қамтыды. Карантин режимін жүйелі түрде бұзушылармен жұмыс күшейтілді. Әкімшілік жауапкерілікке 1,5 мыңға жуық жеке және заңды тұлғалар тартылып, жалпы сомасы 300 млн теңге айыппұл салынды. «Стационарлар медициналық құралдармен және қажетті дәрі-дәрмекпен толықтай қамтылған. Қаладағы эпидемиологиялқ жағдайды ескере отырып, бірқатар шектеу мен карантиндік шаралар қабылданды. Олар дүйсенбіден бастап күшіне енді», - деді Нұр-Сұлтан қаласының әкімі. «Қызыл» аймақта тұрған Павлодар облысының әкімі Әбілқайыр Сқақов өткен аптада өңірде коронавирус инфекцияның 616 жағдайы тіркелгенін, аурудың өсуі 5,8 пайызды құрап отырғанын айтады. «Өткен тәулікте 150 жағдай тіркелді. Байланыста болған 366 адам анықталды. Эпидемиологиялық зерттеулер жүргізіліп, жаңа ошақтар оқшауланды. Өңірдің денсаулық жүйесі штаттық режимде жұмыс істейді. Инфекциялық төсек-орын жүктемесі - 37,7 пайыз. Қазір 1 635 төсек-орын, ал резервте тағы да 2 мыңнан астам орын бар. Бүгінде реанимацияда 21 науқас жатыр. Олардың үшеуінің жағдайы ауыр. Облыс бойынша 169 мобильді бригада жұмыс істейді. Тәулігіне 2,5 мыңнан астам ПТР тестілеу жүргізіледі. Жағдай бақылауда», - деді ол. Облыс басшысының айтуынша, өңірдің «қызыл» аймаққа кіруіне байланысты бірқатар шектеу шарасы күшейтілді. Демалыс күні локдаун енгізілді. Демалыс күндері азық-түлік және азық-түлік емес жабық базарлардың, сауда ойын-сауық орталықтарының, СПА, сауна, спорт нысандарының және спорт кешендерінің, фитнес орталықтарының қызметі, қоғамдық көлік қозғалысы тоқтатылды. Қалааралық, ауданааралық автобус, шағын автобуспен жолаушыларды тасымалдау шектелді. Адамдар көп жиналатын орындарға ерекше назар аудара отырып, күшейтілген режимде 176 мониторингілік топ жұмыс істейді. Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев өңірдегі эпидемиологиялық жағдайды тұрақтандыруға бағытталған жұмыс жүргізіліп жатқанын айтып сендіреді. Оның дерегінше, соңғы аптада жалпы аурудың орташа өсімі 0,8 пайызды құрады. Соңғы тәуліктерде - 1,2 пайыз немесе 99 жағдай. 526 адам стацонарда ем алып жатыр. Оның ішінде 41 адамның жағдайы ауыр. Аурудың артуына жол бермеу және карантин шараларын күшейту үшін барлық қажетті шара қолданылуда. Мәселен, азық-түлік емес дүкендердің, сауда ойын-сауық орталықтардың жұмыс тәртібі 30 пайыз толуына қарай таңертеңгі сағат 10-нан 22-00-ге дейін, үй-жайлардағы қоғамдық тамақтану нысандарының қызметі сағат 09-00-ден 20-00-ге дейін шектелді. «Бүгінгі таңда Ұлттық сараптама орталығының бірыңғай порталымен ықпалдастырылған 3 зертхана жұмыс істейді. Тәулігіне 1 700-ден 2 мыңға дейін тест өткізіледі. Қажеттілігіне қарай зертханалардың резервтік қуаты тәулігіне 7 мыңға дейін тест өткізуге мүмкіндік береді», - деді өңір басшысы. Ал Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетовтіңсөзіне қарағанда, 18 қаңтарынан бастап сырқаттанушылықтың өсуіне байланысты карантин талаптары 2 апта мерзімге қатаңдатылды. Облыстың бас санитар дәрігерінің қаулысына сәйкес, діни нысандардың қызметі уақытша тоқтатылды. Қоғамдық тамақтандыру нысандары және Халыққа қызмет көрсету орталықтарының жұмысы уақыты бойынша шектелді. Сенбі және жексенді күндері ауданы 2 мыңнан асатын азық-түлік емес сауда нысандары мен жабық азық-түлік және азық-түлік емес базарлардың, СПА орталықтардың, спорт нысандарының қызметі, сонымен қатар қоғамдық көлік қозғалысы уақытша тоқтатылды. Карантин талаптарының сақталуын бақылау мақсатында мобильдік топтар жыл басынан бері 942 рейд жүргізді. 2 823 нысан тексерілді. 26 заң бұзушылық анықталды. Аталған фактілер бойынша 29 млн 200 мың теңгеге 26 әкімшілік айыппұл салынды. Дәрілік заттармен қамтамасыз ету мақсатында тұрақтандыру қоры 538 млн теңгеге ұлғайтылды. «Қазіргі уақытта коронавирусқа қарсы жаппай вакциналауға дайындық жүріп жатыр. 71 бірлік медициналық мақсаттағы мұздатқыш, камералар сатып алу бойынша конкурстық рәсімдер аяқталды. Бірінші топтаманы жеткізу осы жылыдң 10 ақпанынан басталады», - деген Архимед Мұхамбетов облыста дәрі-дәрмектің 2 айға жететін қоры бар екендігін баса айтты. «Жалпы, Атырау қаласы мен аудандарда эпидемиологиялық жағдай тұрақты. Облыс бойынша соңғы аптада коронавирус инфекциясының 564 жағдайы тіркелді. Оның ішінде 379 жағдай немесе 67 пайызы Теңіз кен орнындағы вахталық қалашықтарда анықталды. Облыста анықталған жағдайлардың 81 пайызы, сонымен қатар Теңіз кен орнында анықталған жағдайлардың 89 пйызы симптомсыз саналады. Репродуктивтік индексі 1,01 пайызды құрайды. Облыстың бас санитар дәрігерінің қаулысымен Теңіз кен орнындағы карантин ұзартылды және шектеу шаралары күшейтілді», - деді келесі кезекте сөз алған Атырау облысының әкімі Махамбет Досмұхамбетов Оның айтуынша, облыста 1933 инфекциялық төсек-орын әзірленген. Стационарларда 864 науқас ем алып жатыр. Төсек-орын жүктемесі 45 пайызды құрайды. 13 науқас реанимацияда. Облыста 4 МРТ аппараты, 12 компьютерлік томография аппараты, 27 рентген аппараты, 669 оттегі концентраты, 1 514 пульсметр, 267 өкпені жасанды желдету аппараты, 6 оттегі стансасы, 113 жедел медициналық жәрдем көлігі, 7 жылжылмалы медициналық кешен бар. КВИ пневманиясы және ЖРВИ-мен сырқаттанған облыс тұрғындарына амбулаторлық деңгейдегі көмекті медициналық-санитарлық алғашқы көмек ұйымдарының жанынан құрылған 126 мобильді топ көрсетіп отыр. Барлық медициналық ұйымдарда жеке қорғаныш құралдарының 2 айлық қоры бар. Облыста тәулігіне 7 мыңға жуық зерттеу мүмкіндігі бар 11 ПТР зертханасы жұмыс істеп тұр. Үкімет отырысы барысында Атырау облысы әкімінің коронавирусқа қатысты өңірлердегі жағдай тұрақты деген пікіріне ҚР Премьер-Министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов наразылығын білдірді. «Коронавирус инфекциясы таралуының өсуі бүгінде барлық өңірде тіркеліп отыр. Сонықтан, жаңа Атырау облысының әкімі айтқандай, өңірлердегі жағдай тұрақты деген сөзге келісуге болмайды. Әсіресе, бұл Павлодар, Ақмола, Қостанай, Солтүстік Қазақстан облыстарына тікелей байланысты», - деді ол. Сол себепті Үкімет басшысының орынбасары өңірлердегі эпиедмиологиялық жағдайға қарай карантиндік шектеу шараларын күшейту қажет деп санайтындығын баса айтты. «Біріншіден, «қызыл» аймаққа кірген өңірлер әкімдеріне Денсаулық сақтау министрлігімен бірге қосымша карантиндік шараларды қатаңдатуды, екіншіден, «сары» аймақтағы өңірлер эпидемиологиялық жағдайды ескере отырып, карантиндік шектеулерді үшейту бойынша нақты ұсыныстар енгізуді және оған дайықты пысықтауды, үшіншіден, барлық өңірлер инфекцияны жұқтырған және олармен байланыста болған адамдарды оқшаулау шаралардың тиімділін арттыруды қолға алуы керек», - деді Ералы Тоғжанов. Отырысты қорытындылаған Премьер-Министр Асқар Мамин облыс әкімдерінің назарын эпидемиологиялық жағдайды ескеріп, өңірлердегі жағдайды тұрақтандыру үшін шұғыл шаралар қабылдау қажеттігіне аударды. Эпидемиологиялық жағдай нашарлайтын болса, шектеу шараларын қабылдауды, халық пен бизнес субъектілерінің белгіленген санитариялық нормаларын қатаң сақтауын қамтамасыз етуді, бір апта мерзімде инфекциялық ауруханалар мен бастапқы медициналық-санитариялық көмек ұйымдарындағы жеке қорғаныш құралдары мен коронавирусқа қарсы дәрілердің қорына ревизия жүргізуды тапсырды.