Жаңалықтар

Коронавирус пен вирустық пневмония жұқтырған 4,9 мыңнан астам медқызметкері төлем алды

2020 жылғы 9 қазан 17:28
Коронавирус пен вирустық пневмония жұқтырған 4,9 мыңнан астам медқызметкері төлем алды

НҰР- СҰЛТАН. ҚазАқпарат - COVID-19-бен күреске тартылған 4 921 медицина қызметкері коронавирус инфекциясын немесе вирустық пневмонияны жұқтырған жағдайда мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан (бұдан әрі – МӘСҚ) берілетін біржолғы әлеуметтік төлемді алды. Сондай-ақ, МӘСҚ аурудың салдарынан қайтыс болған 49 медицина қызметкерінің туыстарына төлемдер аударды, деп хабарлайды ҚазАқпарат ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау мінистрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Бұдан бұрын хабарланғандай, жоғарыда аталған төлем төленетін медицина қызметкерлерін өңірлердің және республикалық маңызы бар қалалардың денсаулық сақтау басқармалары жанындағы арнайы комиссиялар ауырған медицина қызметкерлерін тексеру нәтижелері негізінде анықтайды. Өтінімдерді жинақтауды ҚР Денсаулық сақтау министрлігі жүзеге асырады, одан кейін өтінімдер электрондық іс макеттерін қалыптастыру үшін «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ-қа беріліп, артынша төлем тағайындау үшін МӘСҚ-ға жіберіледі.

9 қазан сағат 9.00-дегі жағдай бойынша МӘСҚ COVID-19 немесе вирустық пневмония жұқтырған 4 921 медицина қызметкерінің өтінішіне орай және аурудың салдарынан қайтыс болған 49 медицина қызметкеріне қатысты ақшалай қаражатты тағайындау мен төлеуді жүзеге асырды.

Өңірлер бөлінісінде медицина қызметкерлеріне COVID-19 немесе вирустық пневмонияны жұқтыру жағдайына төлемдердің ең көп саны Нұр-Сұлтан (945) және Алматы (544) қалалары және Шығыс Қазақстан (446), Атырау (410) және Қарағанды (409) облыстары бойынша жүргізілді.

Естеріңізге сала кетейік, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі мен ҚР Денсаулық сақтау министрінің 9 сәуірдегі «Денсаулық сақтау ұйымдарының COVID-19 коронавирустық инфекциясына қарсы күрес жөніндегі эпидемияға қарсы іс-шараларға тартылған қызметкерлері аталған инфекцияны жұқтырған немесе одан қайтыс болған жағдайда оларға біржолғы әлеуметтік төлемді жүзеге асыру қағидаларын бекіту туралы» бірлескен бұйрығына ағымдағы жылдың 22 шілдесінде енгізілген өзгерістерге сәйкес, жоғарыда көрсетілген төлем:

– коронавирустық инфекция немесе вирустық пневмония жұқтырған медицина қызметкерлеріне – 2 млн теңге;

– COVID-19 коронавирустық инфекциясын жұқтырғаннан, вирустық пневмониямен ауырып қайтыс болған жағдайда олардың отбасына – 10 млн теңге көлемінде төленеді.