Жаңалықтар

Коронавирус толқынды жағдаймен келе жатыр - министр Біртанов

2020 жылғы 27 мамыр 11:34
Коронавирус толқынды жағдаймен келе жатыр - министр Біртанов

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Коронавирусты тоқтатамыз десек - санитарлық талаптарды сақтауымыз қажет. Бұл туралы ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бұл індет - әлі біткен жоқ. Коронавирус толқынды жағдаймен келе жатыр. Карантин жағдайында төмен түседі. Бірақ, карантин және шектеу шараларын алып тастасақ - қайта көтеріледі. Бұл - тек Қазақстанда емес, бүкіл дүниежүзінде қауіпті жағдай. Мұны барлығымыз дұрыс түсінуіміз қажет», - деді министр Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифинг барысында.

Оның атап өтуінше, дүниежүзіндегі осындай індетті тоқтатуымыз үшін әр азамат, әр мемлекет карантиндік, санитарлық талаптарды енгізуі және оны сақтауы қажет.

«Ең біріншіден, әр адам 2 метр әлеуметтік арақашықтықты сақтауы керек. Жұмыс орнында және сыртқа шыққанда әлеуметтік арақашықтықты ұстанғанымыз жөн. Екіншіден, індетті тоқтату үшін қазіргі уақытта маска тағу өте маңызды. Әрине, жеке гигиенаны да сақтау қажет. Індет ауамен ғана емес, қол арқылы да жұғады. Сондықтан қолды жуу, жеке гигиенаны сақтау да өте маңызды», - деді Елжан Біртанов.