Жаңалықтар

Коронавируспен ауырғандар үшін 5 мыңға жуық орын бар

2022 жылғы 2 тамыз 11:50
Коронавируспен ауырғандар үшін 5 мыңға жуық орын бар

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – 189 медициналық ұйымда 5 мыңға жуық коронавируспен ауырғандар үшін орын жасақталды. Бұл туралы Үкімет отырысында Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Денсаулық сақтау саласына түскен жүктемеге келетін болсақ, қазіргі кезде инфекциялық орынмен қамту 30 пайызды (1500 науқас), реанимациялық орынмен қамту 7 пайызды (45 науқас) құрады», - деді А. Ғиният. Оның айтуынша, министрлік коронавирус инфекциясының таралуына жол бермеу және тұрақты негізде уақтылы эпидемияға қарсы шаралар қабылдау мақсатында өңірлермен ахуалды бағалау бойынша штабтар жүргізіліп жатыр. Мұнымен қоса, жағдайды тұрақтандыруға бағытталған шаралар қабылданып отыр. «КВИ-ға медициналық ұйымдардың дайындығы тұрақты негізде қамтамасыз етіліп жатыр. Қазіргі кезде 189 медициналық ұйымда 5 мыңға жуық ковидтік орын, 620 реанимациялық орын, резервте 20 мыңнан астам орын бар. Емханалар деңгейінде 5 700 ұйым және 2 400-ге жуық көшпелі мобильді топ жасақталған. Оның 1000-нан астамы ауылда медициналық көмек көрсетіп жатыр. Резервте 1 610 мобильді бригада бар», - деді министр. Бұдан бұрын хабарланғандай, министр қыркүйек айында коронавирустың таралуы төмендеуі мүмкін екенін айтты.