Жаңалықтар

Коронавируспен күрес: Вакцинаның екінші партиясын жеткізу басталды

2021 жылғы 24 ақпан 20:30
Коронавируспен күрес: Вакцинаның екінші партиясын жеткізу басталды

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Эпидемиологиялық жағдайдың матрицасына сәйкес, Қазақстан Республикасы соңғы екі апта бойы «жасыл» аймақта тұр. Қауіпті - «қызыл» аймақта тұрған өңір жоқ. «Сары» аймақта – 5 өңір, яғни Батыс Қазақстан, Қостанай, Ақмола, Павлодар облыстары және Нұр-Сұлтан қаласы бар. Қалған 11 өңір «жасыл» аймақта орналасқан.

Бүгін орталық коммуникациялар қызметінде ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі, бас мемлекеттік санитарлық дәрігер Ерлан Қиясов коронавирусқа қарсы вакциналау науқанына қатысты түсінік берді. «Коронавирус инфекциясына қарсы вакциналау жалғасып жатыр. Қазіргі кезде бірінші компонентпен 20 157 адам егілді. 22 ақпаннан бастап екінші компонентпен вакциналау басталып, 2 137 адамға екпе жасалды, қолайсыз көріністер тіркелген жоқ», - деді Е. Қиясов. Оның айтуынша, 23 ақпаннан Қарағанды фармацевтикалық кешенінің базасында өндірілген 93 мың доза мөлшеріндегі вакцинаның екінші партиясын жеткізу басталды. Осы вакцинамен медицина қызметкерлерін егу аяқталған соң, педагогтарды вакциналауды бастау жоспарланып отыр. «Вакциналау барлық өңірлерде жүргізіліп жатыр. 786 егу пункті ашылды, олардың 170-і қазіргі уақытта егу жұмыстарын жүргізіп отыр. Барлығы салқындату тізбегін қамтамасыз ету үшін қажетті жабдықтармен қамтамасыз етілген. 9 мыңнан астам медицина қызметкері оқытылды», - деді вице-министр. Оның сөзіне қарағанда, қазіргі кезде жрғарыда аталған топтарға екпе жасалып жатыр. Сәуір айына қарай екпе өндіру көлемі артады деп жоспарланған. Наурыз айында вакцина өндіру айына 160 мың дозаға дейін жеткізіледі, ал сәуірде 600 мың дозаға дейін болады. Тиісті топтар екпемен қамтылғаннан кейін, сәуір айының соңына қарай екпе салдыруға ниет білдіргендер нарықтағы қолжетімді вакцинаны қойдырады. Сонымен қатар ол наурыз айында педагогтарды және күш- құрылымдардың қызметкерлеріне екпе салдыру басталатынын айтты. «Сәуірде біртіндеп вакцина салдыруға дайын халықтың басқа да бөліктеріне ауысамыз», - деді вице-министр. Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында Үкімет мүшелері мен депутаттарға вакцина салдыру қашан басталатыны сұралды. «Олар мемлекеттік қызметшілермен бірдей вакциналаумен қамтылады. Бұл кезең медицина қызметкерлерін, педагогтарды, әскерилерді толыққанды вакциналағаннан кейін жүргізіледі. Сонымен қатар мемлекеттік қызметшілерді вакциналау ескеріледі», - деді Е. Қиясов. Олар қолжетімді вакцинамен қамтылмақ. Екпе салдыру қарқынын ескерсек, мемлекеттік қызметшілерге «Спутник V» вакцинасы салынады. Тізім бойынша шамамен наурыздың соңы мен сәуір айының басында іске асырылады. Белгілі болғандай, 65 жастан асқан адамдарды вакциналауға қатысты өндірушінің ресми ақпаратының негізінде, медициналық қарсы көрсетілімдерін (созылмалы аурулардың, аллергиялық реакциялардың және өзге де қарсы көрсетілімдердің болуы) ескере отырып, осы жас ерекшелік санатындағы адамдарды вакциналауға рұқсат беру туралы шешім қабылданды. ҚР Бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің тиісті қаулысына қол қойылды. КВИ-дің «британдық» штамы ҚР ДСМ Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сараптау ұлттық орталығының сарапшысы Нұршай Әзімбаева елімізде коронавирустың «британдық» штамы тіркелмегенін айтты. «Әлем бойынша коронавирус инфекциясы штамдарын, олардың мутациясын зерттеп, қадағалап отырмыз. Еліміз бойынша ұлттық сараптама орталығы бар. Орталық елде тіркелген коронавирус инфекциясының штамдарын қарап, тексереді. Осының нәтижесінде, «британдық» шатамм еліміздің аумағында тіркелмеді», - деді Н. Әзімбаева. Сонымен бұл бағыттағы жұмыстар жалғасып жатқанын жеткізді. Бұдан бөлек Ерлан Қиясов карантин шектеулерін жеңілдету тұрғысында нысандардың ашылуына пікір білдірді. «Бүгін ведомствоаралық комиссияда карантин іс-шараларын жеңілдету бойынша бірқатар қадам туралы айтылды. Жақын арада өзгерістер енгізу туралы қаулы қабылданады. КВИ-дің таралуының төмендеуіне қатысты оңтайлы жағдай алдағы уақытта қызметтің түрлі салаларындағы шектеулерді біртіндеп тоқтатуға ықпал етеді деп үміттенеміз. Сонымен қатар халықты вакциналауды сәтті өткізуге ерекше сенім артып отырмыз», - деді вице-министр. Бас санитар дәрігер бұдан бұрын пессимистік есептеулер бойынша індеттің өршу мүмкіндігі наурыздың соңы мен сәуірдің басына қарастырылғанын айтты. «Қазіргі жағдайды ескере отырып, осыған дейін белгіленген қауіп сейілгенін байқауға болады. Қазіргі кезде жағдай оптимистік сценарий бойынша қалыптасып келеді», - деді ол. Сонымен қатар вице-министр былтырғы жаз айларындағыдай індеттің өршуі болмауы үшін тиісті жұмыстар атқарылғанын жеткізді. «Коронавирус инфекциясының таралуын шектеуге бағытталған қадамдар тиісті оң нәтижесін берді деп үміттенеміз. Сондықтан өткен жылдағы ахуал қайталанбайды деп санаймыз», - деді Ерлан Қиясов. Айта кетейік, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов төрағалық еткен коронавирус инфекциясының таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссияның отырысынан кейін 1 наурыздан бастап карантинді жеңілдету қадамдары белгілі болды. Осы орайда 7 күн бойы «сары аймақта» болған өңірлерде биылғы жылдың 1 наурызынан бастап жабық базарлардың (азық-түлік, азық-түлік емес), сауда және ойын-сауық орталықтарының, сауда үйлерінің, сауда желілерінің жексенбі күндері жұмыс істеуіне рұқсат етіледі. Мониторингтік тексеру қорытындысы бойынша білім беру ұйымдарында санитарлық-эпидемиологиялық талаптардың бұзылу фактілері көп тіркелген Маңғыстау, Қостанай және Жамбыл облыстарын қоспағанда, барлық облыстарда биылдың 1 наурызынан бастап 1-5 сыныптардың, халықаралық мектептерде 1-7 сыныптардың оқушыларын аралас оқытуға рұқсат етіледі.