Жаңалықтар

Коронавирустан қайтыс болған медицина қызметкерлерін еске алу шарасы өтті

2020 жылғы 22 қазан 15:01
Коронавирустан қайтыс болған медицина қызметкерлерін еске алу шарасы өтті

ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат – Шымкентте коронавирустан қайтыс болған медицина қызметкерлерін еске алу шарасы өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Өзгені құтқарып, өз жанын пида еткен» атты акция аясында пандемия кезінде көз жұмған ақ халаттылардың туған-туыстарына төсбелгілер табысталды. Елімізде қауіпті індет өршіген тұста Түркістан облысында 32, ал Шымкент қаласында 21 аурухана қызметкері қайтыс болған еді. Олардың қатарында дәрігерлер мен медбикелер, тазалық қызметкерлері мен жүргізушілер бар. «Оңтүстік» медицина қызметкерлері қауымдастығы» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен өткен шара барысында марқұмдардың ерен ерлігі сөз болып, бір сәт үнсіздікпен еске алу рәсімі өтті. Әруақтарға арналып құран бағышталып, ескеркіш тақтайшаға гүл шоқтары қойылды. Жиынға қатысқан туған-туыстарына «Өмір үшін», «Алтын дәрігер» және «Мейірім» төсбелгі-медальдары тапсырылды. Мұндай бастамаға көпшілік ризашылығын білдіріп, өз ұсыныстарын ортаға салды. Акцияны ұйымдастыруға «DENSAULYG» денсаулық сақтау ұйымдары жұмыскерлерінің кәсіподағы мен өзге де кәсіподақ ұйымдары атсалысты. Айта кетейік, бұған дейін пандемия кезінде Түркістан облысы бойынша қаза тапқан медицина қызметкерлерінің отбасына кәсіподақ ұйымы атынан көмек ретінде 100 мың теңгеден берілген болатын.