Жаңалықтар

Коронавирустың тәуліктік өсімі 0,5% дейін төмендеді - Айжан Есмағамбетова

2020 жылғы 14 тамыз 11:36
Коронавирустың тәуліктік өсімі 0,5% дейін төмендеді - Айжан Есмағамбетова

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстанда қатаң шектеу шаралары енгізілгеннен бастап, коронавируспен сыртқаттанушылықтың тәуліктік өсімі 0,5 пайызға дейін төмендеді. Бұл туралы ҚР Бас мемлекеттік санитар дәрігері Айжан Есмағамбетова айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазіргі кезде коронавирус инфекциясы бойынша эпидемиологиялық жағдайдың тұрақтану үрдісі байқалуда. Биылғы 14 тамыздағы мәлімет бойынша, Қазақстанда ПТР оң нәтиже көрсеткен коронавирус инфекциясының 101 848 жағдайы тіркелді», - деді ол бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде.

Осы орайда А.Есмағамбетова бір тәулікте 476 адам коронавирус індетімен ауырғаны белгілі болғанын айтты.

Сонымен қатар, өткен тәулікте коронавирус инфекциясының белгілері бар пневмонияның 934 жағдайы тіркелді.

«Қатаң шектеу шаралары енгізілгеннен бастап сыртқаттанушылықтың тәуліктік өсімі 0,5 пайызға дейін төмендеді. Тіркелген Covid-19 жағдайларының жалпы санының 77 пайыздан астамы емделіп, күнделікті өмірге оралды», - деді ҚР Бас мемлекеттік санитар дәрігері.

Бұдан бұрын хабарланғандай, 13 тамызда ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен мемлекеттік комиссия отырысында қалыптасқан эпидемиологиялық жағдайды ескере отырып, Карантин шараларын кезең-кезеңімен алып тастау жоспары бекітілді.