Жаңалықтар

Коронавирустың жаңа түрі: Израильде төтенше жағдай жариялануы мүмкін

2021 жылғы 27 қараша 02:14
Коронавирустың жаңа түрі: Израильде төтенше жағдай жариялануы мүмкін

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Израиль премьер-министрі Нафтали Беннет мемлекетінің «төтенше жағдай алдында тұрғанын» жариялап, барлық израилдықтарды «тәулік бойы жұмыс істеуге дайындалуға» шақырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат ВВС-ге сілтеме жасап.

Бірнеше апта бұрын елде «Омега» ұлттық жаттығулары өткізілді, онда коронавирустың жаңа түрі әлдеқайда қауіпті болып, көп адам көз жұматын болса, осы індетпен күресу сценарийі жасалды. «Ол кезде көпшілікке бұл әрекетіміз қызық болып көрінгенімен, біз бұл қадамға қазіргі жағдайға алдын ала дайындалу үшін барған едік», - деді Беннет. Сенбі күні Израиль премьері үкіметтің шұғыл отырысын өткізіп, онда шетелден келетін азаматтар үшін Бен Гурион атындағы халықаралық әуежайдың жабылатыны шешіледі. Айта кетейік, жұма күні ДДҰ «Омикрон» деп аталатын жаңа түрін жариялады. Еске салсақ, Оңтүстік Африка Республикасында коронавирустың 1.1.529 атауы бар жаңа мутациясы анықталған еді. Бұл нұсқа бұрынғыларға қарағанда әлдеқайда жұқпалы және вакциналардың оған әсері тиімсіз болуы әбден мүмкін екендігі айтылды. Коронавирустың қауіпті делінген жаңа штамына «Омикрон» деген атау берілді.