Жаңалықтар

Қостанай облысында діни нысандардың қызметі уақытша тоқтатылды

2021 жылғы 19 қаңтар 11:15
Қостанай облысында діни нысандардың қызметі уақытша тоқтатылды

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қостанай облысында діни нысандардың қызметі уақытша тоқтатылды. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Жыл басынан бері 8 672 коронавирус тіркелді. Қазіргі уақытта 1096 стационарлық төсек-орын орналастырылған. Жүктемесі 39,5 пайызды құрайды. Қажет болған жағдайда төсек-орын санын 3 мыңға дейін арттыруға дайынбыз. Осы жылдың 18 қаңтарынан бастап сырқаттанушылықтың өсуіне байланысты карантин талаптары 2 апта мерзімге қатаңдатылды. Мәселен, облыстың бас санитар дәрігерінің қаулысына сәйкес, бірқатар өзгеріс енгізілді. Діни нысандардың қызметі уақытша тоқтатылды. Қоғамдық тамақтандыру нысандары және Халыққа қызмет көрсету орталықтарының жұмысы уақыты бойынша шектелді», - деді ол. Оның айтуынша, сенбі және жексенді күндері ауданы 2 мыңнан асатын азық-түлік емес сауда нысандары мен жабық азық-түлік және азық-түлік емес базарлардың, СПА орталықтардың, спорт нысандарының қызметі, сонымен қатар қоғамдық көлік қозғалысы уақытша тоқтатылды. «Карантин талаптарының сақталуын бақылау мақсатында мобильдік топтар жыл басынан бері 942 рейд жүргізді. 2 823 нысан тексерілді. 26 заңбұзушылық анықталды. Аталған фактілер бойынша 29 млн 200 мың теңгеге 26 әкімшілік айыппұл салынды. Дәрілік заттармен қамтамасыз ету мақсатында тұрақтандыру қоры 538 млн теңгеге ұлғайтылды. Қазіргі уақытта коронавирусқа қарсы жаппай вакциналауға дайындық жүріп жатыр. 71 бірлік медициналық мақсаттағы мұздатқыш, камералар сатып алу бойынша конкурстық рәсімдер аяқталды. Бірінші топтаманы жеткізу осы жылыдң 10 ақпанынан басталады», - деді Архимед Мұхамбетов облыста дәрі-дәрмектің 2 айға жететін қоры бар екендігін баса айтты.