Жаңалықтар

Қостанай облысында КВИ сынамасын өңдейтін мобильді зертхана ашылды

2021 жылғы 25 қаңтар 22:45
Қостанай облысында КВИ сынамасын өңдейтін мобильді зертхана ашылды

ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат – Қостанай облысының шалғай ауылдарында ПТР сынамасын тез әрі тиімді жүргізу мақсатында мобильді зертханалық кешен іске қосылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Заманауи кешен Денисов, Жітіқара, Қамысты аудандарының тұрғындарына қызмет көрсетеді. Басты мақсат – КВИ алынған сынамаларды тасымалдау уақытын қысқарту. «Ұлттық сараптама орталығы» рмк филиалының басшысы Бауыржан Көпжасаровтың айтуынша, зертхана коронавирустық инфекциямен сырқаттану жағдайларын анықтаудың жеделдігін де арттырады. Көліктегі зертхананың қуаттылығы тәулігіне 300 зерттеу жүргізуге мүмкіндік береді. «Мобильді зертханалық кешеннің көмегімен облыс орталығынан алыс орналасқан ауылдарды қамтимыз. Сынақ нәтижесі де осы жерде белгілі болады. Бұл дәрігерлердің ғана емес, тұрғындардың да жұмысын жеңілдетіп, уақытын жеделдетеді. Көлікте 2 бокс орнатылған. Алғашқысы – бөлу аймағы, мұнда сынама алынады. Одан кейін үлгілер терезе арқылы екінші боксқа жіберіледі. Онда 96 түрлі лабораториялық зерттеу жүргізілетін «биорат» аппараты орнатылған, - дейді Б.Көпжасаров, Лаборатория қызметкерлері мұндай зертханалық аппараттармен бұған дейін де жұмыс істеп келді. Мобильді зертханалық кешенді басқару мақсатында мамандар Алматыда арнайы оқытудан өткен. Алдағы уақытта Жітіқара қаласының мамандары да арнайы оқытудан өтіп келмек. Оларға жергілікті әкімдік қолдау көрсетіп отыр.