Жаңалықтар

Қостанайда қоғамдық көліктер қозғалысы шектеледі

2020 жылғы 7 шілде 18:51
Қостанайда қоғамдық көліктер қозғалысы шектеледі

ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат – Бүгін облыс әкімі Архимед Мұхамбетов аймақта коронавирус инфекциясының таралуына жол бермеу мәселелері бойынша шұғыл кеңес өткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Облыста COVID-19 індетінің таралуына жол бермеу бойынша белсенді жұмыстар жалғасуда. Бүгін өңірдегі эпидемиологиялық жағдай ескеріліп, медициналық ұйымдардағы керует-орындарды бөлу қайта қаралды.

Қазіргі уақытта 1 668 төсек-орын дайындалған. Оның ішінде 584 инфекциялық және 1 084 провизорлық керует бар. Инфекциялық стационарларда медициналық көмек ауру белгілері бар пациенттерге ғана көмек көрсетіледі.

«Қазір жедел медициналық жәрдем станциясы күшейтілген режимде жұмыс істейді. Жедел жәрдем шақыруларының саны күніне 1400-ге дейін өскен. Қалыпты күндері 600-700 шақыртулар ғана болатын. Медициналық персонал санитарлық нормаларды сақтай отырып, жеке қорғаныс құралдарымен ғана жұмыс істейді. Медициналық жабдықтар, дезинфекциялық құралдар, қорғаныс костюмдері мен маскалар сатып алынды. Негізгі бөлігі жөнелтіліп, облыстың медициналық ұйымдарына жіберілді», - дейді облыс басшысы.

Сонымен қатар, облыстың бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің қаулысына кейбір өзгерістер енгізілді.

Атап айтқанда, ойын-сауық нысандары мен сауда объектілерінің, қоғамдық көліктің жұмыс уақыты бойынша өзгерістер бар. Ертеңнен бастап, қоғамдық көліктің жүру уақыты сағат 06: 00-ден 10: 00-ге дейін және сағат 17: 00-ден 21: 00-ге дейін шектеледі.

Кеңес соңында Архимед Мұхамбетов аудан әкімдеріне КВИ-дің таралуына жол бермеу жөнінде қосымша тапсырмалар берді.