Жаңалықтар

КВИ салдарынан өндірістік көрсеткіштерге түзетулер енгізуге мәжбүр болдық – Нұрлан Ноғаев

2021 жылғы 5 наурыз 10:19
КВИ салдарынан өндірістік көрсеткіштерге түзетулер енгізуге мәжбүр болдық – Нұрлан Ноғаев

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Энергетика министрі Нұрлан Ноғаев энергетика саласына коронавирустың салдары қалай әсер еткенін айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Әрине, өз сөзімде коронавирустың алдын алу мәселесін де айтып өтпей болмайды. Біздің сала пандемиядан зардап шекті, бұл мұнай бағасына да әсер етіп, ОПЕК+ келісімі аясында мұнай өндірісін шектеуге, уран өндірісін төмендетуге және тағы басқа салдарға әкеп соқты. Қазіргі дағдарыс және ғаламдық сын-тегеуріндер жағдайында Мемлекет басшысы «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауында елімізді дағдарыстан кейінгі кезеңнен шығарудың негізгі міндеттерін атап өтті. Осы орайда Энергетика министрлігі Мемлекет басшысының Жолдауында берілген тапсырмаларын орындау бойынша ауқымды жұмыс атқаруда», - деді министр ведомствоның кеңейтілген алға мәжілісінде. Оның айтуынша, коронавирустық инфекцияның таралуына байланысты өткен жылдың ақпан айынан бастап Министрлікте мүдделі компаниялардың қатысуымен құрылған COVID-19 жағдайын бақылау жөніндегі жедел штаб жұмыс істейді. Жобалардағы жағдай туралы жедел ақпарат күн сайын штабқа тапсырылады. «Қазіргі уақытта барлық компаниялар коронавирустық инфекция таралуының алдын алу және эпидемиологиялық ахуал нашарлаған жағдайда дайындықты қамтамасыз ету бойынша іс-шаралар жоспарларын әзірлеп бекітті. Біздің әріптестеріміздің қажырлы еңбегінің арқасында Қазақстанның отын-энергетика жүйесі пандемия соққысына төтеп берді. Вирусқа қарамастан, мамандар елімізді қажетті энергиямен қамтамасыз ете отырып, электр станцияларында, мұнай өңдеу зауыттарында, кен орындарында, басқа да өндіріс нысандарында жұмысын тоқтатқан емес. Сонымен қатар, Министрлік саланы қолдау мақсатында бірқатар шаралар қабылдады. Баршаңызға белгілі, коронавирустың таралуы бүкіл әлемдік энергия ресурстар нарығына елеулі әсер етті. Осыған байланысты біз өткен жылдың өндірістік көрсеткіштеріне түзетулер енгізуге мәжбүр болдық», - деді Н. Ноғаев.