Жаңалықтар

Қырғыз Үкіметі аппаратының 26 қызметкерінен коронавирус табылды

2020 жылғы 28 маусым 10:00
Қырғыз Үкіметі аппаратының 26 қызметкерінен коронавирус табылды

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қырғыз Үкіметі аппараты қызметкерлері арасында COVID-19 коронавирус инфекциясының бар-жоғын анықтау үшін сараптама жүргізілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі Кабар агенттігіне сілтеме жасап.

«Сараптама қорытындысында 26 қызметкерден коронавирус инфекциясы табылып отыр. Осыдан екі күн бұрын 11 адамнан вирус табылған еді. COVID-19-ға қайта жасалған сараптама барысында тағы вирус 15 қызметкерден табылды. Олардың арасында Премьер-Министрдің кеңесшілерінің бірі Артем Новиков пен Үкімет басшысының көмекшісі бар. Үкімет аппаратының жеткшісі - министр Таалайбек Темірәлиев байланыста болған адам ретінде қазіргі уақытта оқшауланған», - делінген таратылған ақпаратта.

Санитарлық-эпидемиологиялық іс-шаралар алгоритміне сәйкес, олардың барлығы да үй карантиніне жіберіліп, тиісті ем алып жатыр. Олардың басым бөлігінде ауру симптомсыз өтіп жатыр. Вирус жұқтырғандармен байланыста болған адамдар да анықталған. Қырғыз Республикасы Үкіметі аппараты қызметкерлерінің басым бөлігі қашықтан жұмыс істеуін жалғастырып жатыр.

Бұған дейін Қырғыз Президенті аппаратының 17 қызметкерінен және Мемлекет басшысы аппаратының жетекшісі Досалы Эсеналиевтен коронавирус табылғаны хабарланған болатын.

27 маусым күні Қырғызстанда коронавирус жұқтырудың 309 жағдайы тіркелген. Бүгінде бұл елде COVID-19-бен 4 513 адам ауырды. Оның ішінде 2 212 адам жазылып, ауруханалардан шығарылса, қаза тапқандардың саны 46 адамға жетіп отыр.

Естеріңізге сала кетсек, 24 маусымда Мәскеуде Қырғызстан президенті Сооронбай Жээнбековтің қасында бірге жүрген екі адамның коронавирусқа тапсырған анализі оң нәтиже берген еді.

Осыған байланысты Қырғызстан президенті Жеңістің 75 жылдығына арналған шараға қатысудан бас тартқан болатын.