Жаңалықтар

Қытай елге келгендерге міндетті карантинді алып тастады

2023 жылғы 8 қаңтар 10:58
Қытай елге келгендерге міндетті карантинді алып тастады

БЕЙЖІҢ. ҚазАқпарат – 2023 жылдың 8 қаңтарынан бастап Қытайға келгендер COVID-19 бойынша міндетті карантинде жатпайтын болды, деп хабарлайды ҚазАқпараттың меншікті тілшісі.

Жаңа ережеге сәйкес, ҚХР аумағына кіру үшін келерден 48 сағат бұрын тапсырылған, коронавирустың жоқ екенін дәлелдейтін тест нәтижесін көрсету жеткілікті. Коронавирус анықталмаған жағдайда олар Қытайға денсаулық жағдайы туралы кедендік декларацияны толтыру кезінде ҚХР-дың шетелдегі дипломатиялық өкілдігінен Денсаулық кодын сұратпай кіре алады. Ал ПТР-тест вирустың бар екенін көрсетсе, сапарын жазылғанша шегере тұруды ұсынады. 2022 жылдың желтоқсанының соңында ҚХР Денсаулық сақтау істері мемлекеттік комитеті COVID-19-ды «А» жоғары санатты инфекциялық аурулар тізімінен алып тастағанын хабарлады. Осыған байланысты 8 қаңтардан бастап ковидке қарсы шектеулер мен Қытайға келген әуе рейстері мен жолаушыларға қойылған талаптар, сондай-ақ бір орталыққа карантинге жатқызу мен коронавирустың бар-жоғын анықтайтын ПТР-тест тапсыру алынып тасталады. Қытай 24, 72 және 144 сағат ішіндегі визасыз транзит шараларын қалпына келтіріп, елге уақытша кіруге рұқсат береді. Сонымен қатар, Қытай билігі құрлықтағы шекара бекеттері арқылы байланысуды қалпына келтіреді. 8 қаңтардан бастап елдің шекара аймақтарында кіруге және шығуға рұқсат қағазын жасау басталады. Оған қоса, бүгіннен бастап ҚХР азаматтарынан шетелге турист ретінде сапарлау үшін паспорт алуға өтініш қабылдау қайта жанданды. Құрлықтық Қытай мен Гонконг арасындағы қарапайым жолаушылар тасымалы да қалпына келтірілді. Өткен аптада ондаған ел Қытайдан келетін жолаушыларға COVID-19 тестін тапсыруды енгізді, Бейжің бұл әрекетті сынға алды. Нақтырақ айтқанда АҚШ, Франция, Аустралия, Канада, Ұлыбритания, Жапония мен Индия Қытайдан келетін азаматтарға COVID-19-ды анықтайтын тестті және басқа да ережелерді міндеттеді. Марокко ең қатаң шаралардың бірін қолданды – Қытайдан келген саяхатшылардың бәріне елге кіруге тыйым салды. Бұған дейін Қытайда күн сайын ковид туралы деректерді жариялауды тоқтатқан болатын. Денсаулық туралы мәлімет жинайтын Airfinity британдық компаниясының зерттеуі бойынша, Қытайда COVID-тен қайтыс болғандар саны күніне 9 мың адамға дейін жеткен. Пандемия басталғалы ҚХР-да 5267 адам коронавирус салдарынан өмірден өтті. Қытай елдердің эпидемияға қарсы шаралары ғылыми зерттеуге негізделіп, соған сай болу керек, сондай-ақ адамдар арасындағы қалыпты алмасу процесі мен серіктестікке әсер етпеуі керек деп есептейді. Бұл туралы ҚХР Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Мао Нин мәлімдеді. Қытайдан келген азаматтарға күшейтілген және шектеу шараларын енгізу Қазақстанның жоспарында жоқ. Ашық көздерден алынған фото