Жаңалықтар

Қытайда жасалған коронавирусқа қарсы вакцина әскери препарат деп танылды

2020 жылғы 30 маусым 14:38
Қытайда жасалған коронавирусқа қарсы вакцина әскери препарат деп танылды

БЕЙЖІҢ. ҚазАқпарат - Қытайдың жеке және әскери ғылыми-зерттеу институттары бірге жасап шығарған коронавирусқа қарсы Ad5-nCoV вакцинасын Орталық әскери кеңес мақұлдады. Ол бұдан былай «арнайы әскери препарат» ретінде Қытай әскерінде қолданылатын болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат жергілікті Global Times агенттігіне сілтеме жасап.

ҚХР Орталық әскери кеңесі материалдық-техникалық қамтамасыз етудің біріккен күштеріне қарасты гигиена және денсаулық сақтау мәселелері басқармасы рекомбинатты екпені бір жылға пайдалануға рұқсат берді.

«Бұл вакцина әскерде ғана қолданылады, ал көпшілік қауымның пайдалануы үшін ҚХР Орталық әскери кеңесі тиісті департаментінің рұқсатын алу керек» деп жазады Global Times.

БАҚ өкілдерінің хабарлауынша, жалпы клиникалық нәтиже Ad5-nCoV вакцинасының SARS-CoV-2 вирусынан туындайтын аурулардың алдын алуға шамасы жететінін көрсетіп отыр.

Ad5-nCoV екпесінің клиникалық тестіден өткізудің бірінші және екінші сатысы Қытайда өткен. Тест нәтижесі қауіпсіздіктің жақсы деңгейін және гуморальды және жасушалық иммундық жауаптың жоғары деңгейін көрсеткен.

Айта кетейік, коронавирусқа қарсы Ad5-nCoV екпесін қытайлық CanSino Biologics компаниясы мен Қытай халық-азаттық әскерінің әскери-медициналық ғылымдар академиясы бірге жасап шығарды.


Автор: Руслан Сүлейменов