Жаңалықтар

«Қызыл» аймақтағы Қостанай облысында карантин 7 желтоқсанға дейін созылды

2020 жылғы 29 қараша 11:00
«Қызыл» аймақтағы Қостанай облысында карантин 7 желтоқсанға дейін созылды

ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат - Қостанай облысында карантин шараларғы 7 желтоқсанға дейін ұзартылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Естеріңізге сала кетейік, 16 қарашадан бастап Қостанай облысында қатаң карантин шаралары енгізілген болатын. Облыстық жедел штабтың шешімімен жабық спорт объектілерінің жұмысына тыйым салынды. Сонымен қатар қоғамдық тамақтану орындарына шектеу енгізілді, атап айтқанда, 1 үстелге 4 адамнан артық отырмайды, үстелдер арасындағы қашықтық 2 метрден кем болмауы тиіс, ал тағамды жеткізу қызметіне сағат 22:00-ге дейін рұқсат етілді. Бассейндердің жұмысына тыйым салынып, монша мен сауна 09-19.00 арасында ғана істейді. Санаторий мен демалыс базаларының жұмысы тоқтатылған. Демалыс және мереке күндері автомобильдер мен ауыл шаруашылығы техникасына арналған қосалқы бөлшек сататын дүкендер істемейді. Медициналық-әлеуметтік сала объектілерінің жұмысы карантин режиміне көшірілді. Балалар секциясы, үйірмелердің қызметіне тыйым салынып, профилактикалық егуді қоспағанда, медицина-санитария алғашқы көмек көрсету ұйымдарында жоспарлы скрининг пен профилактикалық тексеру жасауды тоқтата тұру жөнінде шешім қабылданған. Қостанай және Рудный қалаларына кіріп-шығуға тыйым салынған. Бүгін Қостанай облысының бас санитар дәрігері Владимир Нечитайло жаңа қаулы шығарды. Оған сәйкес, аталған шектеу шаралары 7 желтоқсан сағат 00:00 дейін созылды. Қаулының толық мәтінімен мына сілтемеде танысуға болады.