Жаңалықтар

«Қызыл» аймақтағы Павлодардың ауылдық жерлерінде коронавирус өршіп тұр

2021 жылғы 18 қаңтар 23:54
«Қызыл» аймақтағы Павлодардың ауылдық жерлерінде коронавирус өршіп тұр

ПАВЛОДАР. ҚазАқпарат - Павлодарда COVID-19-ға қарсы іс-қимыл жөніндегі облыстық штабтың кезекті отырысы өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Бұл жайында облыс әкімдігі баспасөз қызметінің Telegram парақшасынан мәлім болды. Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Батырбек Әлиевтің хабарлауынша, 4-10 қаңтар аралығында өңірде коронавирустың - 549, 11-17 қаңтар аралығында - 616 оқиғасы тіркелген. Ауру одан әрі таралмас үшін санитар дәрігерлер қоғамдық тамақтану орындарының, СПА-орталықтардың, фитнес-залдардың, базарлардың, сауда-сауық кешендерінің, сауда үйлерінің, азық-түлік сатпайтын дүкендер мен қоғамдық көліктің жұмыс режиміне қатысты қосымша шектеу шараларын енгізді. Олар 20 қаңтардан бастап әрекет ете бастайды. - Қандай шара қолдансаңыздар да, осы шаралардың сақталуы тиісті дәрежеде бақыланбаса, қажетті нәтиже күтудің қажеті жоқ. Біз мониторинг тобының санын арттырдық, бірақ әзірге олардың тиімділігі көңіл көншітпейді. Барлығын жаппай тексерудің қажеті жоқ, эпидрежим бұзылатын жерлермен жұмыс жасаңыздар,-деді облыс әкімі Әбілқайыр Сқақов. Өңір басшысы штаб мүшелерінің назарын ауылдық жерлерде сырқаттың өршуіне аударды. Өткен аптада кейбір аудандарда коронавирус инфекциясына шалдыққан 30-ға жуық адам тіркелді. Аудан әкімдері мұны COVID-19 жұқтырғандармен жиі байланыста болған адамдарда анықталып жатқанымен түсіндірді. Алайда Әбілқайыр Сқақов бұл жағдайды жергілікті атқарушы органдар тарапынан кемшіліктер орын алып отырғанынан деп есептейді. - Бізге өңірлік матрицаны енгізу қажет, соған сәйкес әрбір әкімшілік аумақты жеке қарастырамыз. Тез арада біз өз бағалауымызды жүргізу үшін әрбір қала мен ауданға жаңа тәсілдерді түсіндіріңіздер. Сонда біз әр «қызыл» аймақпен жеке жұмыс істеп, нақты нәтижелі шаралар қабылдаймыз, - деп тапсырды ол. Павлодар, Екібастұз және Ақсу әкімдеріне санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды сақтай отырып, қалаішілік жолаушылар тасымалының жұмысын тиімді жолға қою тапсырылды. Жалпы жергілікті жерлердегі барлық басшылардың алдына Әбілқайыр Сқақов сырқаттың тарау динамикасын төмендету міндетінің маңызын бірінші кезекке қойды.