Жаңалықтар

Қызылорда облысында 1 мыңнан астам адамның өзін-өзі оқшаулау режимін бұзғаны анықталды

2021 жылғы 17 қыркүйек 13:09
Қызылорда облысында 1 мыңнан астам адамның өзін-өзі оқшаулау режимін бұзғаны анықталды

ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылорда облысында Ashyq жүйесі арқылы 1000-нан астам адамның өзін-өзі оқшаулау режимін бұзғаны анықталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Оның ішінде 689 адам «қызыл», 365 адам «сары» мәртебеде болған. Инфекция жұқтырған болып есептелетін «қызыл» мәртебедегі 689 адамға 4,7 млн теңгеден астам айыппұл салынды. Ал коронавирус инфекциясымен ауырған адамдармен қарым-қатынаста болған «сары» мәртебедегі адамдарға тиісті қаулы шығарылды. «Халық арасында коронавирус инфекциясы таралуының алдын алу мақсатында үй карантині режимін қатаң сақтауды сұраймыз. Қоғамдық орындарға бармауға, COVID-19 індетін тарату қаупінің алдын алуға шақырамыз», - деп мәлім етті Қызылорда облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінен. Еске салсақ, Қызылордада коронавирус жұқтырғандардың 95 пайызы - вакцина алмағандар.