Жаңалықтар

Қызылорда облысында 3 айға жетерлік дәрілер бір аптада сатылып кеткен

2020 жылғы 7 шілде 14:04
Қызылорда облысында 3 айға жетерлік дәрілер бір аптада сатылып кеткен

ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылорда облысында үш айға жеткілікті дәрілер бір аптада сатылып кеткен. Бұл жөнінде онлайн-брифингіде облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Мәлім етілгендей, Қызылорда облысында вирусқа қарсы препараттар бар. Алайда, дистрибьюторлар тарапынан тапсырыста көрсетілген көлем толығымен жеткізілмей жатыр. Қазір халық дәріні жаппай сатып алуда.

«Мысалы, облыста 3 айға жеткілікті дәрілер 1 аптада өтіп кетті. Салдарынан ем алушыларға дәрінің жетіспеушілігі туындады. Бұл мәселе тек біздің өңірде емес, жалпы республикада кездесіп отыр. Дәріханаларға дәрілік заттар бойынша күнделікті қажеттілікке және халықтың сұранысына қарай тапсырыс берілуде. Сонымен қатар, облыстық медициналық стационарларға «СК-Фармация» мекемесі тарапынан 45 күнге жететін дәрі-дәрмек қоры жасақталған. Сондай-ақ, дәрі-дәрмектің баға тұрақтылығын назарда ұстап келеміз. Тұрғындар арасында дәрі-дәрмек бағасының ретсіз өсуіне байланысты шағым көп. Осы салаға тұрақты мониторинг жасау және баға тұрақтылығын қатаң бақылау туралы облыстық Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті жұмыс атқаруда. Бас санитарлық дәрігердің қаулысына сәйкес барлық мүдделі мемлекеттік органдармен және үкіметтік емес ұйымдармен бірлесіп мониторингілік топ құрылды», - деді облыс әкімі.

Г.Әбдіқалықованың айтуынша, сондай-ақ қала, аудан әкімдіктері және «Nur Otan» партиясының облыстық филиалы жанынан құрылған арнайы мониторингілік топтар препараттардың бағасы мен көлеміне қатаң бақылау жүргізетін болады.

«Бүгінгі күні Қазақстан Республикасында 7 452 дәрілік заттың атауы тіркелген. Денсаулық сақтау министрінің («Бөлшек және көтерме саудада өткізуге арналған дәрілік заттың сауда атауына шекті бағаларды бекіту туралы») бұйрығымен 6191 дәрілік заттың атауына шекті бөлшек сауда бағалары белгіленген», - деді өңір басшысы.

Бүгінге дейін Қызылорда облысында коронавирус инфекциясына шалдыққан 1456 адам тіркелген. Оның ішінде 950 адам сырқатынан жазылып, үш адам қайтыс болды.