Жаңалықтар

Қызылорда облысында карантин талаптары күшейтілді

2021 жылғы 13 сәуір 21:56
Қызылорда облысында карантин талаптары күшейтілді

ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылорда облысында карантин талаптары күшейтілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Өңірде эпидемиологиялық ахуал күрделене түсті. Өткен тәулікте облыста 51 адам қатерлі індетке шалдықты. Олардың саны 4458 адамға жетті. Осыған байланысты облыстың бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің жаңа қаулысы шықты. Онда адам көп жиналатын діни, мерекелік, спорттық, мәдени, конференциялар, семинарлар, көрмелерді және өзге шараларды өткізуге тыйым салынды. Бұған қоса, ұжымдық ауызашар өткізуге болмайды. Сондай-ақ, боулинг, компьютерлік клубтардың, түнгі және ойын клубтарының, караокенің қызметіне, қоғамдық орындарда кальянды пайдалануға рұқсат етілмейді. «Биылғы жылдың 8 сәуірінен бастап Қызылорда облысы «сары» аймаққа енгізілді. Осыған байланысты шектеу шараларын енгізу мақсатында №8 қаулы қабылданды. Яғни шектеулермен және күшейтілген санитарлық-дезинфекциялық режиммен балалар мен ересектердің білім беру орталықтарының жұмысы алдын алу жазылу бойынша топты 15 адамнан артық толтырмауы тиіс. Қоғамдық көлік, банктер, ХҚКО, «Қазпошта» АҚ бөлімшелерінің жұмысы сағат 9.00-ден 18.00-ге дейін. Ал ұйымдар, офистердің жұмыстарына 50%- күндізгі режиммен рұқсат етілді. Сондай-ақ, қоғамдық тамақтану объектілеріне толтырылуы 50%-ға дейін, бірақ 50 орыннан асырмай сағат 7-ден 24-ке дейін жұмыс істейтін болады. Сауналар (жексенбіден басқа) 30 адамға дейін, мәдениет объектілерінің толтырылуын 20%-дан артық емес етіп театрлар, кинотеатрлар, концерт залдарының жұмысына рұқсат беріледі, -деді облыстың бас санитариялық дәрігері Динара Жаңабергенова. Ведомоство мәліметінше, қаулы бүгіннен бастап күшіне енді. Мамандар облыс тұрғындарынан эпидемиологиялық ахуал тұрақтанғанша бетперде киюге назар аударуды сұрайды. Еске салсақ, Қызылордада коронавирус жұқтырғандардың дені 20-69 жас аралығында.