Жаңалықтар

Қызылордада коронавирус жұқтыру жағдайы күрделене түсті

2021 жылғы 2 тамыз 23:32
Қызылордада коронавирус жұқтыру жағдайы күрделене түсті

ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылорда облысында тұрғындардың коронавирус жұқтыру жағдайы күрделене түсті. Соңғы үш-төрт күнде ол 200-ден төмен түспей тұр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Өткен тәулікте өңірде короновирус жұқтырудың 206 жағдайы тіркелсген. Оның 142-і облыс орталығынан анықталған. Науқастардың 42-сі 14 жасқа толмаған балалар, арасында 3-еуі 1 жасқа толмаған нәресте. «Өткен жылдың шілде айынан кейін бүгінде өңірде аурушаңдықтың үшінші толқыны бас көтерді. Биыл сәуір айында ауру саны күрт өсіп, 1540 жағдай тіркелсген еді. Ал шілде айының алғашқы жартысында індет жұқтырғандар саны 3341 адамға жетті. Ал 29 шілдеден бастап тәулігіне 200-ден аса жағдай анықтала бастады. Ең жоғарғы дерек саны - 220 адамды құоап отыр. Мұндай жағдай былтырғы пандемия кезінде де болған емес. Былтыр шілде айында ең жоғарғы ауру тіркелген саны 118 болатын. Сондықтан өңірде эпидемиологиялық ахуалдың өте күрделі екенін айта кеткеніміз абзал», - деді облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Әлия Әбдіқайымова. Оның айтуынша, өткен жылдан бастап бүгінге дейін өңірде 10 741 адам коронавирус жұқтырды. Оның ішінде 59%-і клиникалық белгісімен анықталса, симптомсыз түрінің үлесі - 41%. Олардың 2%-і сырттан тасымалданған, 58%-і скринингтік тексеру нәтижесінде және 40% қарым-қатынас арқылы жұқтырған. Тіркелген жағдайдың басым бөлігі, яғни 62,4% Қызылорда қаласының үлесінде. Сонымен қатар аудандар арасында жоғары көрсеткіш Жаңақорған, Шиелі және Сырдарияда тіркеліп отыр. Барлық ошақтарда қорытынды залалсыздандыру жұмыстары жүргізіліп, індетке қарсы, профилактикалық шаралар ұйымдастырылды. Ошақтардағы қарым-қатынастағыларға 14 күнге медициналық бақылау орнатылды. Еске салсақ, алдағы күндері Қызылордада жақын күндері модульді аурухана пайдалануға беріледі.