Жаңалықтар

Ләззат Ералиева: Коронавирус вакцинасы белсіздікке әкеледі деген - бос әңгіме

2021 жылғы 12 ақпан 19:33
Ләззат Ералиева: Коронавирус вакцинасы белсіздікке әкеледі деген - бос әңгіме

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Медицина ғылымдарының докторы, профессор Ләззат Ералиева коронавирус вакцинасының белсіздікке ұшырататыны туралы әңгіменің негізсіз екенін мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Кез келген вакцина қолданысқа енгізілмей тұрып, терең зерттеледі. Мәселен, Спутник V вакцинасы қазақстандық екпе секілді репродуктивті функцияға еш әсер етпейді. Егер QazCovid-in вакцинасы туралы айтар болсақ, жалпы мұндай вакцинаның бәрі де 80 жылдан бері пайдаланылып келеді. Осылайша, тұмау немесе басқа да ауруларға қарсы вакциналар белгілі бір дәрежеде жыныстық функцияға әсер етуі мүмкін. Бірақ олар да, коронавирусқа қарсы вакцина да белсіздікке ұшыратпайды», - деді Ләззат Ералиева Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында өтіп жатқан баспасөз мәслихатында. Еске сала кетсек, бұған дейін елде наурыздан бастап вакцинацияға арналған қосымша екпе кабинеттері ашылатыны хабарланған болатын. Яғни жалпыға ортақ екпе кабинеттерінде коронавирусқа қарсы вакцина егілмейді.