Жаңалықтар

Маңғыстау облысында ПТР-зертхана ашылды

2020 жылғы 23 қазан 16:30
Маңғыстау облысында ПТР-зертхана ашылды

АҚТАУ. ҚазАқпарат - Маңғыстау облысының Жаңаөзен қаласында коронавирус инфекциясына талдау жүргізетін зертхана ашылды. Енді қала тұрғындары ПТР-тест тапсыру үшін облыс орталығына сабылмайтын болады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Зертханада тәулігіне 200-ге дейін тест сынамасын тапсыруға болады. Алматыдан медициналық жабдықтар әкелінді. Қазір оларды монтаждау жұмыстары басталды. Нысан бір аптадан кейін толық іске қосылады. Мұнда 4 мың адамға ковидті тексеретін реактивтер де жеткізілді. Бұл жұмыстарға демеушілер есебінен 89 миллион теңге бөлінген. Аталған орталықтың ерекшелігі тек коронавирусқа қарсы тест жасалмайды. Өзге де медициналық талдамалар жүргізіледі. «Пандемияның алғашқы кезеңінде қатты қиындық көрдік. Себебі, анализ нәтижесі 2-3 күнде келеді. Енді зертханадағы аппаратты іске қоссақ, сынама қорытындысын 1 күнде дайындап беретін боламыз», - деді зертхана меңгерушісі Зейнеп Төлеубергенова.