Жаңалықтар

Маңғыстауда коронавирус жұқтырғандар қатары көбейген

2020 жылғы 9 қазан 22:47
Маңғыстауда коронавирус жұқтырғандар қатары көбейген

АҚТАУ. ҚазАқпарат - Ақтауда коронавирус инфекциясын жұқтыруға қатысты жағдайлар жиі тіркелуде. Қыркүйек айында індет жұқтырғандар облыс бойынша нөлдік көрсеткіш болса, соңғы екі күнде 3 адамның қауіпті вирус жұқтырғаны белгілі болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл туралы Маңғыстау облысының қоғамдық коммуникация орталығында өткен брифингіде облыстың бас санитар дәрігері Ғазиз Надуев мәлім етті.

Оның айтуынша, жергілікті тұрғындардың жасырын үйлену тойын жасауы, карантин шектеуіне қарамастан отбасылық мерейтойлар мен еске алу, ас сияқты шараларды өткізуі қауіпті індетті жұқтырғандардың тіркелуіне себеп болған. Сондықтан жергілікті билік пен жауапты органдар мейрамханалар мен тойханаларға өткізілетін рейд шараларын күшейтпек.

«17 тамызынан бастап 23 мониторинг тобы жұмыс істеді. Осы аралықта 1 900 нысан жұмысын жаңғыртты, барлығы 294 нысанға тексеру жүргізілді. Ал, 17 тамыз бен 7 қазан аралығында Ақтауда - 55, Жаңаөзенде - 61, Мұнайлыда - 66, Бейнеуде - 30, Қарақияда – 20 рейд жүргізілген. Маңғыстау ауданында - 62 рейд жүргізілді. 6 шілдеден бері 130 айыппұл салынды, сомасы 14 931 750 теңге Оның ішінде 17-сі карантин режимін бұзу, 12-іс отбасылық шар ұйымдастыру, 70-і маска режимін, 31-і дезинфекция режимі бұзуға қатысты», - деді Ғазиз Надуев.

Карантин режимі басталғалы полиция басқармасының қызметкерлері де мобильді топтың мүшелерімен бірлесіп рейд жүргізді. Қауіпсіздік талабына құлақ аспай, белгіленген уақыттан кейін жұмыс уақытын тоқтатпаған нысандарға айыппұл салынды.

«Кафе, мейрамхана, моншалар, шаштараздар, жабық ғимаратта орналасқан объектілер тексерілді. Нәтижесінде 894 заң бұзушылық анықталды. Оның ішінде бірлескен мобильді топтармен – 239 құқық бұзушылық, Ішкі істер органдары қызметкерлерімен – 655 құқық бұзушылық анықталып, 130 тұлғаға әкімшілік айыппұл салынды. Сондай-ақ, шектеу шараларына қарамастан мерекелік және садақа іс-шараларын өткізгені үшін 13 әкімшілік құқық бұзушылық анықталып, әкімшілік айыппұл салынды», -деді Маңғыстау облыстық ПД жергілікті полиция қызметі басқармасы басшысының міндетін атқарушы Қалдымұрат Айғарақов.

Естеріңізге сала кетейік, Маңғыстау облысында COVID-19 – 3349 адамнан анықталған, оның ішінде сауыққандар – 3267, қайтыс болғандар саны – 72.