Жаңалықтар

Маска режимін жиі бұзатын өңірлер анықталды

2021 жылғы 23 қаңтар 16:55
Маска режимін жиі бұзатын өңірлер анықталды

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – 2020 жылы карантинді бұзудың 27 мыңнан астам фактісі анықталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Пандемия, карантиндік шектеулер енгізу және санитарлық талаптарды қатаңдату кезеңінде елдің денсаулық сақтау жүйесінің қызметкерлері анықтаған құқық бұзушылықтар саны артты. Жалпы 3,6 млрд теңге сомасына айыппұл салу туралы қаулы шығарылды, оның ішінде құқық бұзушылар 3 млрд теңге төледі. Олардың ішінде халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы талаптарды бұзғаны үшін (ҚР ӘҚБтК 425-бабы) карантиндік іс-шараларды бұзумен байланысты әрекеттер тұрғысында 2020 жылы елде 2,2 млрд теңге сомасына айыппұл салу туралы 27 мың қаулы шығарылды. Оның ішінде 1,4 млрд теңге өндіріліп алынды», - делінген ҚР Бас прокуратурасы Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің баспасөз қызметі мәліметінде. Осындай айыппұлдардың көпшілігі Түркістан облысында (5 014), Алматы қаласында (4775) және Шығыс Қазақстан облысында (1 831) салынған. Олардың ең аз саны: Маңғыстау (204), Павлодар (523) және Жамбыл (590) облыстарында тіркелген. «Маскалық режимді бұзғаны үшін 15 613 жеке тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Бұл тұрғыда Алматы қаласы (4 434), Түркістан (4 009) және Шығыс Қазақстан (1 126) облыстары көш бастап тұр», - деп аталып өткен хабарламада.