Жаңалықтар

Медициналық сақтандыру қоры коронавирус пен пневмонияға қарсы 159 млрд теңге бөлді

2020 жылғы 24 қыркүйек 13:37
Медициналық сақтандыру қоры коронавирус пен пневмонияға қарсы 159 млрд теңге бөлді

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры коронавируспен және пневмониямен күрес бойынша іс-шараларды 159 млрд теңгеден астам сомаға қаржыландыруды көздеп отыр. Бұл туралы аталған қордың басқарма төрағасы Болат Төкежанов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Коронавирус инфекциясын емдеуге байланысты Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі (ТМККК) және Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) пакеттеріне өзгерістер енгізілді. COVID -19-ға шалдыққан пациенттерге және COVID-19 індетіне күдікті жағдайда мобильді бригада мен стационарлық қызмет үйде көрсетіледі. Бұл қызметтер сақтандыру мәртебесіне қарамастан барлық қазақстандыққа арналған. Қазіргі эпидемиологиялық жағдайды ескере отырып, ТМККК пакетінде «байланыста болған адамдарды, бактерия мен вирус тасымалдаушыларды және инфекциялық ауруға күдікті адамдарды оқшаулау бойынша» қызметтер көзделген», - деді Төкежанов Орталық коммуникациялар қызметінде.

Оның сөзіне қарағанда, бұл өзгерістер сақтандыру мәртебесіне қарамастан, әлеуметтік маңызы бар ауруға шалдыққандарға медициналық көмекті қолжетімді етуге мүмкіндік береді. Бұл әсіресе күзде инфекцияның ықтимал жаңа толқыны кезінде өзекті.

«Қазір Қор тарапынан коронавирус пен пневмонияға қарсы күрес бойынша іс-шараларды қарыландыру үшін 159 млрд теңгеден астам қаржы қарастырылған. Оның ішінде коронавируспен ауыратын науқастарды емдеуге – 50,5 млрд теңге, эпидемияға қарсы шараларға тартылған медицина қызметкерлеріне үстемақыға - 91,9 млрд теңге, стационарлық деңгейдегі ПТР-зерттеуге – 4,2 млрд теңге, үйдегі стационарда қызмет көрсетуге – 0,4 млрд теңге, амбулаториялық деңгейдегі ПТР- ға - 10 млрд теңге, мобильді бригадалардың жұмысына - 2,4 млрд теңге беріледі», - деп нақтылады басқарма төрағасы.