Жаңалықтар

Меруерт Қазбекова медициналық қалдықтарға қатысты проблеманы көтерді

2020 жылғы 23 қыркүйек 14:44
Меруерт Қазбекова медициналық қалдықтарға қатысты проблеманы көтерді

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – «Ақ жол» фракциясы атынан Экология және Денсаулық сауқтау министрліктеріне депутаттық сауал жолдаған Мәжіліс депутаты Меруерт Қазбекова медициналық қалдықтар проблемаларын атады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Оның сөзіне қарағанда, COVID-19-ға шалдыққандарды емдеу кезінде пайдаланылған медициналық мекемелерден шыққан қалдықтар (қорғаныс киімдер, шприц, бинт) ерекше қауіп төндіреді.

«Әлемдік тәжірибеде медициналық қалдықтарды жою үшін өрттеу немесе автоклавтау тәртібі іске асырылады. Қазақстанда негізінен өрттеу тәсілі қолданылып келеді. Алайда аталған қызметке қатысты бірыңғай талаптар мен тарифтердің болмауы алаңдатады», - деді депутат.

Сонымен қатар ол бұл қалдықтарды бақылаусыз шығару оқиғалары кездесіп жатқанын сөз етті. Мұндай іс-қимылдар тұрғындар үшін қауіп төндіретіні анық.

«Медициналық қалдықтар да қауіпті екенін түсінікті, себебі оларда вирус тасымалдайтын бірнеше адамның биоматериалы жиналады. Осыған байланысты «Ақ жол» депутаттық фракциясы Денсаулық сақтау және Экология министрліктерін келіп жатқан мәліметтерді тексеруді сұрайды. Бұл тұрғыда осы саланы ретке келтіріп, қауіпті медициналық қалдықтарды тасымалдау мен жою талаптарын бұзғаны үшін жауапкершілікті күшейту керек», - деді М. Қазбекова.

Белгілі болғандай, «Ақ жол» депутаттық фракциясы өз тарапынан заңнамаға тиісті түзетулер енгізу бойынша бастама жасауға дайын.