Жаңалықтар

Нидерландта 15 млн еуроға сатып алынған коронавирус вакцинасына сұраныс жоқ

2022 жылғы 17 сәуір 01:05
Нидерландта 15 млн еуроға сатып алынған коронавирус вакцинасына сұраныс жоқ

БРЮССЕЛЬ. ҚазАқпарат – Нидерлад елі «Novavax» компаниясы өндірген коронавирусқа қарсы 800 мың дозадан астам вакцинаны қолданып үлгермеуі мүмкін. Себебі препараттардың жарамдылық мерзімі өтіп кетеді. Бұл туралы «ҚазАқпарат» ХАА-ның меншікті тілшісі хабарлайды.

Нидерланд БАҚ-тарының мәліметінше, ел үкіметі коронавирусқа қарсы күрес шеңберінде АҚШ-тың «Novavax» фармацевтикалық концернінің 840 мың доза вакцинасын сатып алған. Алайда, аталған препарат қорына сұраныс болмайтыны болжанып отыр. Бүгінгі күні Нидерландта «Novavax» вакцинасымен тек 655 адам егілген, тағы 329-ы кезекте тұр. Бұл ретте, препараттардың денінің жарамдылық мерзімі өте қысқа – 2022 жылдың 31 тамызына дейін. Аталған партияның жалпы құны шамамен 15 млн еуроны құрайды, деп жазады Trouw порталы. 2022 жылдың 11 наурызынан Нидерланд тұрғындары «Novavax» препаратымен егілуге телефон арқылы жазыла алады. Азаматтарға екі екпеден салынады. Сол себепті 840 мың вакцина 420 мың адамға есептелген. Осыған орай елдің Денсаулық сақтау министрлігі 420 мың дозаны өзге елдерге қайтарымсыз мақсатта беруді шешті. Бірақ жергілікті БАҚ оған сұраныстың болатынына күмән келтіріп отыр. Өйткені өзге мемлекеттерде де аталған препараттар артылып жатыр.