Жаңалықтар

Норвегия маусымда COVID-19-ға қарсы вакциналау құжатын енгізеді

2021 жылғы 6 мамыр 11:50
Норвегия маусымда COVID-19-ға қарсы вакциналау құжатын енгізеді

БРЮССЕЛЬ-ОСЛО. ҚазАқпарат – Норвегияның Премьер-министрі Эрна Сольберг ел ішіндегі карантин шектеулерін жеңілдету үшін биылғы маусым айында скандинавиялық мемлекет вакциналау құжатын қолдануды бастайтынын айтты, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА меншікті тілшісі.

Эрна Сольбергтің айтуынша, сертификат оның иесі вакцина алған-алмағаны, сондай-ақ бұрын коронавируспен ауырған-ауырмағаны туралы мәліметтерді қамтиды. «Бұл сертификаттар біздің қоғамды тезірек және ертерек ашуға мүмкіндік береді», - деп атап өтті премьер-министр. Норвегия Еуропалық Одаққа мүше емес, бірақ Еуропалық бірыңғай нарық пен Шенген туристік аймағында бар. Сертификат ЕО-ның барлық стандарттарына сәйкес келеді және шетелге сапар шегу үшін қолданылады. Пандемия басталғаннан бері Еуропада ауру жұқтыру мен өлім-жітім жағдайларының ең төмен деңгейлерінің бірі Норвегияда болды. Бірақ наурыз айында коронавирус салдарынан ауруханаға жатқызылғандар саны тез өскеннен кейін қатаң шаралар қолданылды. 2021 жылғы 5 мамырдағы жағдай бойынша Норвегия тұрғындарының 31,7% - ы коронавирусқа қарсы алғашқы екпені алды, ал 8,4% - ы толық вакциналаудан өтті . Автор: Арнұр Рахымбеков