Жаңалықтар

Нұр-Сұлтанда коронавирусқа ПТР тестілеу қанша тұрады

2020 жылғы 1 шілде 18:23
Нұр-Сұлтанда коронавирусқа ПТР тестілеу қанша тұрады

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚазАқпарат агенттігі елордада қандай медициналық мекемелер коронавирусқа ПТР тестілеу жүргізетінін және бір адамға реагент бағасы қанша тұратынын білді.

«Invivo» медициналық зертханасында бір реагент құнының бағасы – 18 500 теңге.

«Шілде айынан бастап, тест жүргіземіз бе, жоқ па, әлі белгісіз. Реагент жеткізушінің кешігуінен ПТР тестілеуді 2 шілдеге қалдырдық. Бастасақ та, қатаң түрде алдын ала жазылу бойынша қабылдаймыз. Тестілеу бағасының да өзгеру-өзгермеуі белгісіз», - деп жауап берді зертхананың Call-орталығы.

«Green clinic» көпбейінді медициналық орталығында ПТР әдісімен тестілеу құны сәл қымбатырақ.

«Бізде реагент таусылып қалды. Шілденің басында жеткізілуі тиіс. ПТР әдісімен тестілеу құны – 19 300 теңге. Оның нәтижесі 6 немесе 8 күнде белгілі болады», - деді медициналық орталықтан.

Айта кетейік, бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде Денсаулық сақтау вице-министрі Людмила Бюрабекова ПТР-тестілеуден өту құны – тестің өзінің сатып әкелінген бағасынан неліктен қымбат екенін түсіндірді.

«Бұл жерде төлем ПТР-тест үшін ғана жасалмайды. ПТР-тестілеу қызметі үшін де ақы алынады. Ол төлемге тестің өзі ғана емес, бұл қызметті жүргізуге қажетті материалдар шығыны да кіреді. Яғни онда 40-қа тарта зертханалық бұйым бар: материалдарға арналған зонттар, көліктік орта түтігі және тағы басқалар», - деді Людмила Бюрабекова.

Вице-министрдің айтуынша, бұл қызмет құнына медициналық қызметкерлердің қорғаныс құралдары мен айлығы да кіреді.

Сонымен бірге, «Ұлттық сараптама орталығы» АҚ коронавирусқа ақылы түрде ПТР-тест жасау қызметін тоқтатты.

«2020 жылдың 25 маусымындағы ҚР Бас санитарлық дәрігерінің №43 қаулысына сәйкес, COVID-19-ға зертханалық сараптама жүргізу бойынша ақылы қызмет уақытша тоқтатылды. Тегін тестілеу сұрақтары бойынша емханаларға хабарласуыңызды сұраймыз», - делінген Ұлттық сараптама орталығының хабарламасында.

Ұлттық орталықта коронавирусқа ақылы ПТР тестілеу жүргізу құны 11 500 теңге болатын.