Жаңалықтар

Нұр-Сұлтанда коронавирустан 61 адам қайтыс болды

2020 жылғы 7 шілде 15:17
Нұр-Сұлтанда коронавирустан 61 адам қайтыс болды

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов елордадағы Covid-19 жағдайы туралы есеп берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазіргі уақытта коронавирус инфекциясын жұқтырған азаматтар саны 5 984-ке жетті. Олардың 54 пайызы немесе 3 248 адам жазылып шықты. Өкінішке қарай, 61 адам қайтыс болды», - деді қала әкімі Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде.

Оның айтуынша, қазіргі уақытта инфекциялық және провизорлық стационарлар саны көбейтіліп жатыр.

«Президент тапсырмасына сәйкес, стационарлардағы орындар ұлғайтылды. Мысалы, КВИ карантині басталған уақытта тек қана үш стационар болып, мыңға жуық орын болса, қазіргі уақытта біз стационарлар санын 13-ке көбейттік немесе 3 700-ден астам орын бар. Бірақ оның 87 пайызы толған. Онда дәрігерлер азаматтарды емдеп жатыр», - деді Алтай Көлгінов.