Жаңалықтар

Нұр-Сұлтанда ревакцинация процесі қалай жүріп жатыр

2022 жылғы 21 қаңтар 13:40
Нұр-Сұлтанда ревакцинация процесі қалай жүріп жатыр

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елордада ревакцинация жұмысы қалай жүріп жатыр? Астаналықтар вакцина және қайта вакцина алуға келіп жатыр ма? Осы және өзге де сұрақтарға Нұр-Сұлтан қаласы №2 емханасы директорының емдеу ісі бойынша орынбасары Майра Ахметова жауап берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Соңғы 2 ай біздің емханада Pfizer вакцинасын салу белсенді жүріп жатыр. Оны алушылар - жасөспірімдер мен жүкті және емізулі баласы бар аналар. Осыдан 2 апта уақыт бұрын жаңа қаулы шықты, оған сәйкес Pfizer вакцинасын 60 жастан асқан егде жастағы кісілер де ала алады. Жалпы вакцина және ревакцинация процесі қарқынды жүріп жатыр. Вакцина көлему жеткілікті. Қазір бізде Спутник лайт, QazVac, Sinofarm вакцинасы бар. Екпе алушылар көбіне отандық және қытайлық вакцинаны таңдап жатыр. Таяуда ғана біздің емханада білім, денсаулық сақтау және күш құрылымы қызметкерлерінің вакцина алуы аяқталды», - деді Майра Ахметова тілшілердің сұрағына жауап беріп. Оның айтуынша, бүгінде аталған емханада ревакцинация басталғалы 2 мыңнан астам адам екпе алған. «Егер алғашқы вакцина болса келушілерге QazVac пен Sinofarm-ды ұсынамыз. Ал ревакцинаға Спутник Лайтты алуға кеңес береміз. Шынын айту керек, басында жасөспірімдер мен жүкті әйелдерге вакцина салу процесі өте баяу жүрді. Себебі көбісі уайымдайды, қорқақтайды. Уақыт өте келе және халық арасындағы түсіндіру жұмысының арқасында жағдай реттелді. Қазір белсенділік бар. Балалар мен жүкті және емізулі баласы бар әйелдер өздері келіп жатыр. Біздің мамандар әр вакцина алушыны жіті тексеріп, тиісті кеңес береді», - дейді ол. Бұған дейін хабарлағанымыздай, бүгін елордада өнер саласының қызметкерлері ревакцинациядан өтті.