Жаңалықтар

Нұрсұлтан Бекқайров: Вакциналау – коронавирусты жеңудің жалғыз жолы

2021 жылғы 10 маусым 14:41
Нұрсұлтан Бекқайров: Вакциналау – коронавирусты жеңудің жалғыз жолы

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - «Jas Otan» жастар қанаты Алматы қалалық филиалының төрағасы Нұрсұлтан Бекқайыров ҚазАқпарат тілшісіне берген сұхбатында індетке қарсы күрестегі вакцинацияның маңыздылығын жан -жақты тоқталып өтті. Бұл орайда екпе салдырған таныстарының жағдайы жақсы екендігін де айта кетті.

- Сіз вакцинаның екі компонентін де алдыңыз ба? – Иә, мен отандық QazVac вакцинасын алдым. Алғашқы дозасын 28 сәуірде қабылдадым. Екіншісін 19 мамырда салдырдым. Екі процедура да ойдағыдай өтті, ешқандай ауырсынған жоқпын. Қазір өзімді жақсы сезінемін. Бірақ, вакцина әр адамға әр түрлі әсер етуі мүмкін. Екпе салдырған достарымның ішінде дене қызуы көтерілгендер де болды. Жалпы, вакцина алған барлық таныстарымның жағдайы өте жақсы. - «Jas Otan» жастар қанатының Алматыдағы филиалында қазір қанша адам екпе салдырды? - Біз жастарға вакцинаның маңыздылығы туралы түсіндіру жұмыстарын жүргіздік. Вакцина салмас бұрын дәрігерге қаралып, кеңес сұрау керектігін айттық. Бүгінгі күні 100-ден астам жасотандықтар вакцинаның екі дозасын алды. Сондай-ақ, көптеген адам алғашқы компонентін салдырды және екіншісін күтуде. Осы бағытта түсіндіру жұмыстарын жүргізе береміз. - Коронавирусқа қарсы вакцинаның рөлі қандай? - Әрине, вакцина туралы әртүрлі әңгімелер бар, дегенмен, вакцина алу тек сіздің ғана емес, сонымен бірге қоғамның барлық мүшелерінің қауіпсіздігі екенінін ұмытпауымыз қажет.Сондықтан әр адам бұл екпеге жауапкершілікпен қарау керек деп ойлаймын. Өйткені, әлемдік тәжірибе көрсеткендей, мұндай пандемиядан құтылудың ең тиімді әдісі - бұл жеке қорғаныс және вакцинация. Вакцинация – коронавирус инфекциясын жеңудің жалғыз жолы. - Халық арасында вакцинаның тиімділігіне күмәнмен қарайтындар бар, оған не себеп деп ойлайсыз? - Бірінші себеп - бұл вакцина туралы әртүрлі әңгімелердің кесірінен. Бізге вакцинацияның маңыздылығын халыққа жеткізу, түсіндіру жұмыстарын күшейту керек. Тағы да, біз вакцина туралы шынайы ақпаратты жан-жақты таратуымыз қажет, егер оның расымен де жағымсыз әсерлері болса, оны жасырмай ашық айтуымыз керек деп санаймын. Бұрынғы қалыпты өмірге тез оралу үшін ұжымдық иммунитетті қалыптастыру қажет. Сондықтан мен алматылықтарды және барлық отандастарды коронавирусқа қарсы вакцина егуге шақырамын. Әр адам жеке тұлға, әр түрлі салдары болуы мүмкін, сондықтан вакцина салмас бұрын дәрігерден кеңес алып, тексеруден өткен дұрыс деп ойлаймын. Егер қарсы көрсетілім болмаса, екпе салдырған дұрыс. – Әңгімеңізге рақмет!