Жаңалықтар

Өңірлердегі жаңа модульдік стационарларға қанша маман жұмысқа тартылады

2020 жылғы 23 қазан 17:19
Өңірлердегі жаңа модульдік стационарларға қанша маман жұмысқа тартылады

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстан өңірлерінде 5 мыңға жуық медицина қызметкері жаңа модульдік стационарларға жұмысқа тартылады. Бұл туралы Республикалық денсаулық сақтауды дамыту орталығының бас директоры Қанат Төсекбаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Коронавирус індетінің ықтимал жаңа толқынына тосқауыл қою тұрғысында қазіргі кезде Денсаулық сақтау министрлігі тарапынан ауқымды жұмыстар атқарылуда. Осы орайда медициналық инфрақұрылым дайындалып жатыр. Cонымен қатар, дәрі-дәрмекпен және кадрлармен қамтамасыз ету бағытына екпін қойылып отыр», - деді Қ. Төсекбаев коронавирусқа қарсы шараларға жұмылдырылған денсаулық сақтау қызметкерлерін әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан қолдау тақырыбына арналған онлайн талқылауда. Оның сөзіне қарағанда, 13 өңірде 4328 орынды қамтыған модульдік стационарлар жұмысын бастайды. Бұл орындар коронавирус инфекциясын жұқтырған науқастарға дайындалған. Осы клиникалардағы жұмысқа 4783 медицина қызметкері жұмылдырылады. «Модульді стационарларға тартылатын дәрігерлер саны 976-ке жетеді, ал орта медициналық персонал 2 мыңнан астам, кіші персоналда 1782 қызметкер болады», - деді орталық басшысы. Оның айтуынша, биыл мамандарды даярлау мен қайта даярлауда инфекциялық ауруларға және бронх-өкпе ауруларын емдеуге айрықша назар аударылды.