Жаңалықтар

Өскемен мен Семейдегі аялдамаларда полицейлер кезекшілік етуде

2021 жылғы 15 сәуір 12:03
Өскемен мен Семейдегі аялдамаларда полицейлер кезекшілік етуде

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Өскемен мен Семей қалаларындағы қоғамдық көлік аялдамаларында полиция қызметкерлері кезекшілік етуде, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл жайлы Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов Instagram желісіндегі жеке парақшасында жазды. «Өскемен мен Семейдегі автобус аялдамаларында полиция қызметкерлері жұмыс істеуде. Бір апта ішінде олар азаматтардан сыпайы түрде маска тағуды сұрайды. Қала, аудан әкімдерімен, бас дәрігерлермен, санитарлық-эпидемиологиялық қызмет және полиция басшыларымен өткізілген жиын барысында карантин талаптарының сақталуын бақылауды күшейтуді тапсырдым», - дейді аймақ басшысы. Оның айтуынша, соңғы екі аптада Аягөз ауданында коронавирус инфекциясын жұқтыру көрсеткіші өскен. «Талдау көрсеткендей, 14 күн ішінде тіркелген 43 жағдайдың 39-ында вирус сырттан әкелінген. Қауіпті дерт «KAZ Minerals Ақтоғай» ЖШС-не жұмысқа келген басқа өңір тұрғындарынан анықталды. Осыған байланысты кәсіпорын басшылығына жағдай тұрақталғанға дейін бірқатар облыстардан адамдарды әкелуді тоқтату қажеттілігі туралы хат жолданбақ», - деді Даниал Ахметов.