Жаңалықтар

Отставкаға кетесіз бе - Алексей Цойдың жауабы

2021 жылғы 16 маусым 15:20
Отставкаға кетесіз бе - Алексей Цойдың жауабы

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Осы жылдың қыркүйегінде 10 млн қазақстандық коронавирусқа қарсы вакцина алуы тиіс. Жоспар орындалмаса Денсаулық сақтау министрі отставкаға кете ме? Бұл сауалға ҚР Денсаулық сақтау министрі Алексей Цойдың өзі жауап берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифинг барысында БАҚ өкілдері министрінен: «қыркүйекте 10 млн қазақстандық коронавирусқа қарсы вацина алмаса отставкаға кетесіз бе?» деп сұраған болатын. «Барлығы еліміздің әрбір азаматына, оның түсінуіне байланысты екендігін айтқым келеді. Вакцинация – ерікті. Бұл орайда біз ешкімді де мәжбүрлей алмаймыз. Тек түсіндіру саясатын, тек ақпараттық қолдау ғана жүргіземіз. Оның үстіне сіздерді де ел азаматтарының барынша көпшілігін вакцинамен қамту үшін көмектесуге шақырамыз», - деді Алексей Цой. Сонымен қатар ол Үкіметтің кез келген мүшесінің жұмысына Мемлекет басшысы баға беретіндігін атап өтті. «Үкіметтің әрбір мүшесіне қатысты кез келген мәселе Мемлекет басшысына байланысты. Сондықтан жұмыс қалай бағаланса, солай шешім қабылданатын болады», - деді Алексей Цой.